09.05.2022
  256


Автор: Сабыр Адай

Отпан тауда Ұранот

Маңғыстауда мың төбе
Күнде кеңес күл төбе.
Ар қозғаған жүректі
Азғантай топ іркеме.
Уыз қандай, бал қандай,
Ұран салып талғандай.
Уыз-балдай ұлтымнан,
Ұрандаған жұртымнан
Отпанда ошақ қалғандай.
Беренді күні жайнаған,
Бес қаруын сайлаған,
Ошақ емес тілек бұл,
Бабамнан қалған жүрек бұл,
Жанартау болып қайнаған.
Жаннан өзге жамалым,
Қара шалдар қамалым.
Қоламтаңнан шоқ тауып,
Қолыммен жағып барамын.
Бұлт бұрқанып кектенді,
Бура боздап шөккенді.
Өрттей лаулап еске алдық –
Өткен менен кеткенді.
Хиуаның ізі қырғын-ды,
Қызыл келіп шын қырды.
Таңнан тұрып кешке айттым
Таусылмайтын бұл жырды.
Əсіре қызыл жайлан ба,
Сауық пенен сайранға!
Қалмады қайда біздің бас
Əділетсіз майданда.
Қоша мылтық оқтатпай,
Қолаң шашты жоқтатпай,
Тегімде жоқ тек өлген
Ұран салып, от жақпай.
Тексіз жауды кектей ме?
Тектіге халқы кет-дейме?!
Мен өртеніп жанбасам,
Қаратау қалғып кетпей ме!?
Қоң етіңді кеміріп,
Қорқау-құзғын еліріп
Тірілей көміп теппей ме?!
Дəуірім дабыл қағып тұр,
Қас пен көзді бағып тұр.
Əдіра қалғыр Отпан тау –
От жақпасам нағып тұр.
Отты көрсем бұрылдым,
Шоққа күйген тұлыммын!
Намыс іздеп, дерт ембей,
Лапылдамай, өртенбей,
Ез жиналып ел болмас,
Өзгелермен тең болмас!
Бір тауыңды маған қи,
Өзіңнен туған ұлыңмын!?
Өрге шапқан құлынмын!
Жаудың қолы желкемде,
Есесі кеткен жұлынмын!
(Жалғаны бар ма мұнымның?..)
Жақынды балап қасыңа,
Жау жағалап тасыма.
Жүрген жоқ па жат сарып
Əр тауыңның басына.
Ханнан зият қара өлең,
Жаннан зият – Жаңаөзен,
Отпан тауда Ер Адай,
Оғыландыда Пір Бекет,
Бар екен, шүкір, бар екен!
Бар екен шіркін, адайым!
Барымды кімге балайын?
Адайы жылқы сайлап қой,
Босағама байлап қой,
Батасы бірге бауыр деп,
Атасы бірге ауыл деп,
Алты Алашқа барайын.
Ұран салып, от жағып
Əр жүрекке салайын!
Үш Арыстың баласы –
Көзімнің ақ пен қарасы!
Қара түнді қақ жарып,
Шырақ жағып табайын.
Мен қайтейін сақтанып,
Жыр айтайын ақтарып.
Қауырсын қанат жебеге –
Шалдарым кетті хат жазып.
Хатқа қатқан қаным бар,
Қатпар-қатпар жаным бар.
Арамның қолы тимесін
Ұран отта арым бар.
Ар ішінде – зарым бар.
Ер жыласа – ел десін,
Езге ерік бермесін.
Атасы сатқын арсызға
Абайсызда сенбесін.
Құрсағынан құл болған,
Құмалақ санап тұл болған.
Ерді ұстатып төрінен –
Аңдығаны пұл болған.
Қырын үйрек қырындап,
Түлкі қашар жылымдап.
Отпанға кел-шырақ жақ,
Шындық ізде шырылдап.
Қайда сенің нар ұлың?
Сөздің білер парығын.
Алтынды Орда, Ақ Орда –
Сағана там, сары құм.
Ашу мен түсті шаршыға,
Заманның күйіп зарпына,
Пенденің көріп залымын.
Залымның көрдік қарымын.
Өшпейді Отпан-жалыным!
Керегелі кеудемде
Күлтелі үміт, қалы-мұң.
Қалы-мұңда зерім бар,
Қанға бөккен жерім бар.
Өзегімнен тебердей,
Тегімде менің не мін бар?!
Атасы нұрдан
Жаралған –
Адай деген елім бар!
Тіл мен көзден қаққан от,
Торыққаннан тапқан от.
Отпан тауда Ұран-От,
Олда біздің жаққан От!
Қазанат өлер қазадан,
Халық жылар азадан.
Не демей жүр, сыртымнан –
Жазғыш пенен жазаған.
Əділ Құдай
Бар болса,
Жан құтылмас жазадан.
Хақтан болған халал бар,
Халалдан қымбат бағаң бар.
Отпан тауда ұран от,
Одан асқан мұра жоқ.
Көрсетпе көпке қайғыңды,
Өшпесін отың айбынды.
Алда қандай заман бар!..
Ер біріксе деп едік,
Ел біріксе деп едік,
Басқа қандай амал бар!?..





Пікір жазу