09.05.2022
  193


Автор: Сабыр Адай

Алқаракөк

Бармысың жан құрдасым ал қара көк,
Жанына жан біткеннің шам жаға кет.
Кеудеңде күміс сарай күмбірлейді
Мамырлап əн салғандай маң дала кеп.
Ұлтымды уыз нəрден айырмасын,
Нар шөгер заман белден майырғасын.
Əні бар бұл даланың айтылмаған
Тек, қана, біз саламыз қайырмасын.
Кең тұсау кемел елді шынжырлаған,
Білгенге жүзден зият бір-бір балаң.
Көмейің көп бұлбұлдың ұясындай
Тоқсан саз, мың иірім, сыңғырлаған.
Тағдырын тарлан боздың ұршық қылған,
Маңғыстау – көздің жасы бір шық тұнған.
Адайдың жанын алып, əнін тонап
Бір кезде бұл даланы тұншықтырған.
Жан досым,
Ал қара көк қылаңытқан
Жан едім жанның мұңын жылап ұққан.
Іздеген қайқыларын қайран дала
Қасқадан төбел туса шырамытқан.
Базарға жібек түссе бөз қорынған,
Айдан көз, ақиқаттан сөз қорынған.
Танып тұр,
Өз құлынын, өз дауысын
Адаспа Ал қара көк өз жолыңнан.
Бейнең тұр арулардың сырғасында,
Төбесі тіреу болған бір ғасырға.
Баласы Ордабайдың Марат салған
Əн қалар, əндеме қыр шың басында.
Əн керек əлай жалған қалықтарға,
Атқан таң, өткен күнде бағыт бар ма!?
Аялы алақаны ел-жұртыңның
Қаусырып қанат болсын тарыққанда.
Əн өлмес кейінгіге жаршы болар,
Сусындар ақтың сырын аршып олар.
Əн керек көңіліңнің көзін сүртіп
Кезерген ерініңе тамшы болар.
Əн керек күннен көркем, айдан айқын,
Жан бар ма, жан жылынса жайнамайтын?!
Əн керек қызылшақа дүниені
Қып-қызыл жүрегімен аймалайтын.
Құлдырап қуаладым жыр сағымды,
Жамылып жатыр шалдар құм шағылды.
Салдырған саздан жөргек, əннен өрнек
Маңғыстау кір шалмасын құрсағыңды.
Бəрін де мұнар шалар күн өткесін,
Ұл тумау алтын айдар Түбекке сын.
Талғаттың «Сағынышын» арқалаған
Аман жүр, Ал қара көк жүректесім.





Пікір жазу