09.05.2022
  153


Автор: Сабыр Адай

Оралған көш

Ақшагүл апа, ақ қанат!
Бірің ай, міне, бірің күн.
Сен – сырғалы Маңғыстау, Мен тізерлеп жүгіндім.
Лə-Иллаһа ил-Алла, тілегім қабыл қашаннан,
Сары алтын құмға Самдағы
Сағым боп келген ініңмін.
Шаршыны көрсе қаршыға
Қаларма бір сəт сілкінбей,
Сілкінсін сеңгір таулардай толассыз шабыт іркілмей.
Жоғалтпай жеткен жан апам
Жорықты күннің дүбірін
Адайы-алтын сандықтың шашбауға таққан кілтіндей.
Қақыралы жаулыққа
Хан төрткүлді қарар тау.
Əр сөзіңе əн бесік, шырын, шекер, бал арқау.
Сар-самаурын, жез құман
Сексеуілдің шоғындай
Тал бойыңда сағыныш, жан бойыңда жанар тау.
Мамырлаған көктемсің
Мақтан қылсақ айып па ал.
Көтеріліп көліңнен көкке қанат жайып қал.
Ауған таудың өрінен
Алып келген ебімен
Сенің анау кеудеңде Қалнияз бен Қайып1 бар.
Қалнияздан қалған жыр
Қаралы көштің сөзінде.
Қайыптан қалған арман жүр
Ақбөбек күннің көзінде.
Тесік таудан телмеңдеп
Теңдік көрмей өлген көп
Есесі жатыр Ерлердің
Еңіреген біздің төзімде.
Қан сасыған қаратау,
Көл борсыған жат дала.
Тəнге қуат, жанға азық
Бір жаратқан Хақ қана.
Көтеріп бұлттар жөнелді
Көгендеп өңшең бейбақты
Дəтке дəрмен болатын кім бар дейсің қасқаға.
Əр бұтаның басында
Жаулығы қалды əжемнің.
Шерлі кеуде шеменнен шекердей татып нəр емдім.
Хиуа терді басымды,
Патша ішті жасымды,
Мен дегенде мерезшіл шелденген көзі əлемнің.
Ел адасты ағадан, ер адасты ініден,
Салтанат кетті, саз кетті,
Сайдағы-қаңбақ тіріден.
Өрден құлап нар қалды, шерден құлап жар қалды,
Жəрдем сұрап жалынды Əулие-Бекет Пірінен.
Тағдыры қайыс шідерлі,
Таспа алдырған тілім бар.
Басыңды сүйер бақ тайса, Бекеттен басқа кімің бар.
Терлігімнен зар батты, тебінгіге қан қатты,
Тепкіге салып жығардай тегімде қандай мінім бар.
Сүйегім нұрдан текті едім,
Тілегім жырдан епті едім,
Алашқа қорған күнімде ата жауға кекті едім.
Ноғайлы кетті шығынып, Түрікпен кетті түрініп,
Жеті жұрт пен жеті жұт –
Олда көрген үңіліп,
Майлы қиян Маңғыстау мекенім еді, тек, Менің!
Шеңгел жеді уыстап
Шерден қатқан етімді.
Құл жұмарлап ойнады құйрық жал мен кекілді.
Қолдан келер қайран жоқ
Біз көрмеген ойран жоқ
Қоғалы көлден шошынған қаралы үйрек секілді.
Көл жайладың тұнық деп, ел жайладың ұлық деп,
Төлеген кеткен мекен бұл қаралы, мойнын бұрып көп.
Ақшагүл деген ақын бар,
Жүрекпен сезіп ұқ мұны!
Тілегі – қыдыр, құт – жыры.
Памирден шыққан лапылдап
Падиша жырдың ұшқыны!





Пікір жазу