Жаңбырлы бұлттай жаным бар
Өлшеулі өлең – өмір бұл,
Қабырға бойын сөгіп жүр.
Жаңбырлы бұлттай жаным бар,
Жасанып жырды төгіп жүр.
Кестелі өрнек кезім бұл,
Кер құлан жырым кезіп жүр.
Кірпігіме ықтаған,
Сіркелеген,
Шықтаған –
Ақ жауын аппақ сезім бір.
Тоқсан да түйін сыр едік,
Толғағы жеткен жыр едік.
Қорымды-қойтас, мың мешіт,
Боздаған боздақ қыр едік.
Ботасы едім мұңдының
Сүйреткен шідер, шынжырын.
Жұлдыз боп жырым бітейді,
Тесілген көктің ындынын.
Өртенген өлең, жалын-ды,
Өртемей қоймас Сабырды.
688 689
Жырменен Алла аларсың,
Сазбенен салған жаныңды.
Найзағай тектес жасын жыр,
Жасынның жаным бəсін біл.
Ақынды көргің келмесе,
Жанған да оттан қашып жүр.
Сөзді үрлесең шоқ шығар,
Атылған ажал оқ шығар.
Хақтан да бізге несібе
Өртенген өлең от шығар.
Дүлдүлде жырым ақ табан,
Бір күніме-ай сақтаған.
Бізде бір соқыр көбелек,
Қанатын отқа қақтаған.
Гүлденген бақша жаным дүр,
Жанымда жазғы сағым жүр.
Сағыныш толы кеудемнен,
Қайнарлы бұлақ ағып жүр.
Бұл көңіл қанша шаттанды,
Сырғалы күміс бақ қалды.
Шашбауын қағып сылдырлап
Сұлу жыр қайда аттанды.
Ару да өлең нұрланған,
Ажалсыз сендік бұл жалған.
Сөз атасы Майқы би,
Соларда сені құлданған.
Таудан да ауыр жыр жүгі,
Таулар да құлар бір күні.
Өлеңі өлсе қазақтың,
Кімге де керек тірлігі.
Сайрағын тілім сен бүгін,
Тірлікте мынау кемді күн.
«Өлең – сөздің Патшасы» –
Патшаңа сəлем бер бүгін.
Хан тағында өлең бар,
Алтын да желі көген бар.
Шідерлі шалыс, тұсаулым,
Болыпта жүрсің неден зар?!..
Кеудеме келіп бекін жыр,
Бекерге есең кетіп жүр.
Қазақтың жаны қатайды,
Не дейсің маған жетім жыр?!