Амал - ұлт бірлігінің ұлы тойы
Амал келді, айта келді бар əнді,
Тоты құстай таранды.
Көктем келіп көктен сəуле шашып тұр,
Қыс қытымыр сараң-ды.
Тоң жібіді күннің нұры қадалды,
Ел ниеті адал-ды.
Есіл халық еркелейді балаша,
Еркелеткен қандай жақсы адамды.
Сəби күлді сəулесінен нұр ішті.
Ақын қалғып маужырады жыр үсті.
Аспан жақта қыстан қалған шөкім бұлт,
Қызғаныштан тырысты.
Ауыл-үйдің көгенінде қозы-лақ,
Дəулеті тұр озып-ақ.
Боз маяның бозжайнағы боздаулы,
Əнге салды созып-ақ.
Шапқан құлын жалын желге түйдірді,
Көңіл соны күй қылды.
Қап теңізі аққуларды қонақ қып,
Ғашықтарды сүйдірді.
Отпан тауға Адай бабам шақырды,
Ел қорғаған батыр-ды.
Ұлы шыңға ұран отты жағып тұр,
Ер Қалнияз: «Əруақ!..» – деп ақырды.
Күнге қылыш жанып алды кіл батыр,
Ту көтерді бір ғасыр.
Қара түннен жұлдыз моншақ төгілді,
Мен де айттым жырға сыр.
Ай менен Күн, жас пен кəрі көрісті,
Ұлттық сана – ұлы дəстүр, жеңіс-ті!
Ерен жігіт, өнерлі жас, жүйрікке,
Бата қылып байрақтарын берісті.
Бұл Маңғыстау – Пір Бекеттің даласы,
Уыз шұбат, бал асы.
Қарашаңырақ – Үш Арыстың қазығы,
Көңілдің жоқ аласы.
Əр Қазаққа біздің көңіл гүл бермек,
Жасыл жайлау, іргем көк.
Алты алаштың басын қоспақ – Түбегім,
Атақ қуып жүрген жоқ.
Амал келді ақтарылды «Ақжарма»,
Қыдыр дарып бар маңға.
Бар қазақтың басын жиып, бақ тіле,
Армандасаң, ел бірлігін арманда!
Көне тарих өз ұлтының құрбаны,
Көз алдымда тұр бəрі.
Ер Қазаққа елді сүйген орын бар,
Өлең шипа, тіл дəрі.
Ұлт бірлігін ұран қылып кет енді.
Отпанға кел, жет енді.
Қарашаңырақ – қағидалы Маңғыстау,
Ман-аталы мекен-ді.