Тәуелсіздік толғау
Тəуелсіздік Сен құндақта жатқанда, Мен отызға келіп-ем!
Қуанғанбыз құлын қунап, бота боздап желіден.
Қорқыт Атам қобызына ту байлап,
Көтеріп ек Күлтегіннің елінен.
...Дүниені құшақтап бір кеңіп ем.
Алашқа Орда тіккен қырдың белінен.
Қарашығы көзімнің – сүйемін ғой, Сені, Мен!
Жиырма беске келгенсің бе, беу, күнім!?
Астыңызға ат жүйрігін берейін, күміспенен оқалайын
терлігін.
Бабалардың қайталап көр, ерлігін!
Қылшылдаған қылыш болсаң жарадың, ел біледі, ер құнын.
Жырға айналып жаңғырады Мендік үн!
Жаңғырықтар!..Мəңгі ұлық қар, шың басы.
Ер жеттің ғой, енді мені тыңдашы?!
Тəуелсіздік!..
Сен семсерсің тасқа шауып алмайын,
Кетілмеші, сынбашы!?
Наркескенім – қайғы жұқты, қан жұқты,
Өтті тарих еселеп.
Көз жасымды ішті уақыт кеселеп.
Қаған құрған
Қағанатшыл көкбөрім,
Неше кеттің, неше кеп!?
Саған жетті Үш Арысым-Үш жетім,
Бірін-бірі жетелеп.
Қанша ғасыр жарылды оның маңдайы, табан еті жалбырап,
Саған жету болды арманы жалғыз-ақ.
Хандар көшті,
Жан зар кешті,
Ғасырлардың кешіп жүріп батпағын,
Жол үстінде кеудеден бас қалды ұзақ.
Кенесары кескіленді, Махамбеттер жұлынынан қиылды,
Кескен бастың қызыл қаны, əр қазақтың көзіне кеп
құйылды.
Біз содан соң
Бір көруге зар болдық,
Алтай, Нарын,
Маңғыстау,
Қайран Қиғаш, Қиыл менен Иірді.
Іреп сойып салт-дəстүрдің терісін, дарға асты жырым менен күйімді.
Тəуелсіздік!..
Жиырма бес жас, соның бəрін танып-біліп алар жас.
Жүрегіне жанып-күйіп салар жас.
Ұлт бақытын ойлау менен
Өледі,
Ардан уыз еміп өскен адал бас!
Бар байлығым – Өзіңсің !..
Жетпес , сірə , саған бəс!
...Алға! Алға! Қадам бас!?..
Тəуелсіздік!..
Тал бойыңда арманым бар, үміт пен,
Оянамын күннен бұрын, саған мойын бұрып Мен!!!
Бесігіңе қоңырау тағып
Тербедім,
Шексіз шыдам, қанағатшыл ғұрыппен.
Тəуелсіздік!..
Жатқан болсаң, түрегел!?
Сен сыбансаң, ақ білегін түрер Ел!
Қазақ Сені – көп іздеді,
Көп сүйіп,
Ер жеттің ғой, ел қадірін біле гөр!?
Сенсіз өмір жоқ бізге,
Аттай көрме антыңнан,
Міне, құшақ, міне, Қол!!!
Тəуелсіздік!..Тəуелсіздік-ұлығым!
Жүрегімнің түбіндегі тұнығым.
Атамекен:
Өте бермек жалғаннан,
Сені жырлап Үш Қиянда бір ұлың.
Тəуелсіздік, мəңгі болсын, ғұмырың!