Ғаламшар көкжиегіндегі елестер
Ғаламшар тұңғиықтан қарамақ-ты,
Қамасып күн кірпігі жаңа жатты.
Ай аппақ, жер көгілдір ала дақ-ты.
Тəңірім мың жұлдызға мекен қылған,
Ай жатты, аспан жатты, дала жатты.
Тұп-тұнық, тылсым ғалам, шексіз ғалам,
Бір Алла өмір берген тек, Сіз, маған.
Жырыңды жеті қаттан жеткіз маған.
Төрт мұхит, алты құрлық , ырыс пен құт,
Құтыңа қол салып жүр епсіз надан.
...Ессіз заман.
Күн-Ата жер құлыны қара да тұр.
Көк аспан көзге сыйып, сана да тұр.
Жарықсыз жан тірлігің қара бақыр.
Айналып Күн-Атасын тоғыз бота,
Толассыз ғұмыр кешіп бара жатыр.
Тағынып таулар жатыр бар атауды,
Мен тұрмын қалқан қылып Қаратауды.
Жанар тау жарылыстар сан атаулы.
Бір-бірін қос шалғайдан мəңгі іздеп,
Анд сүйіп қалған дейді Алатауды.
Тау біткен бөлінбейді құрлықпенен,
Асқар шың ай аптаған, күн күптеген.
Адам ғой дау-дамайы бір бітпеген.
Өмір тұр соның бəрін жіпке тізіп,
Өлең тұр жүрегіне жыр жүктеген.
Боздадым бодандықта «Мазақпын!..» – деп,
Таусылдым , тамыр солып, аз-ақ пын» – деп.
Қолыма Ту ұстатты азат күн кеп.
Сыңсыған көп орманның арасынан,
Шақырды үш тал шыбық «Қазақпын!..» – деп.
Əлпеште, əлем мені аспан ана,
Жырымның көзіндегі жасқа қара.
Мен саған қалай берем басқа баға.
Жүрегі дүниенің бүлкілдеп тұр,
Сенбесең тауға қара, тасқа қара.
Тұран боп тұнжырайды мұнарымыз
Ел болдық мұнар-мұңнан құралып із.
Ақ қанат ақ сағымның сыңарымыз.
Айналған сексеуілге сертті күні,
Қызыл шоқ, қыңыр шалдың ұланымыз!
Қыранбыз қыр жайлаған арманы құз,
Ерлердің көп шайналған бармағымыз.
Біз деген кешкі жалын, таңдағы мұз.
Өртеніп, жанып-күйіп, шоқтай қоздап,
Кетіпті аспан жаққа шалдарымыз.
Көш кетіп бара жатыр көк жүзінде,
Көтеріп көкке байрақ сездіңіз бе!?
Көнбейді көкбөрілер езгіңізге.
Мағанда қол созады аспан жақтан,
Барармыз кеткендерге мезгілінде.
Па, шіркін!..Көш салтанат, ел бедерлі,
Болмайды бұлт тосқауыл, жел кедергі.
Қол жайып ақ батаңды бер дегем-ді.
Ақ сəуле əруақ біткен періштелі,
Көк аспан-алтын астау зер кемерлі.
(Серпіндім!..Жүрегімді шер жеген-ді)
Ой жетпес, сөзде жетпес Сыр мен Нұрға.
Өтеді бұл сағыныш жырдан-жырға.
Егіпті иман құлға, бір дəн қырға,
Жан салып қос ішектің сазыменен,
Бұл өмір жалғасыпты ұлдан-ұлға.
Аппақ нұр ақ жанымды сол баптады,
Өмір бір аз күн кепіл қол хат-тағы.
Не болмақ мəңгі ғұмыр ол жақтағы.
Əйелге оң қабырғам олжа болды,
Жүрек пен сүю үшін сол жақтағы.
Келеді содан бері өлең мен жыр,
Босамай көк желкесі көгеннен бір.
Ақынның сүйегіне кенелген қыр.
Қарасаң көкжиекке көз талдырып,
Кешегі кеткен Шалдар елеңдеп жүр.
Хақтан нұр, халал жүріс ұл-қыздан-ды,
Демеңіз қара жерде жүрміз мəңгі.
Талайға хан-салтанат құрғызған-ды.
Бəрі жоқ соның енді қарап тұрсаң,
Сахаба мекен етті жұлдыздарды.
Құлына Хақтан күзет, ақтан тілек,
Тəңіршіл тамыр бойлап жатқан жүрек.
Сыналап Нұр-дан шырақ жаққан біз ек.
Əулие – Əнбие мен Пірім Бекет,
Жаздырды Халал жырды Хақтан тілеп!
Ай өтті, тағы жеттік жаңасына!
Қарайлап əркім шарға-шамасына.
Дұшпанның қалдырмасын табасына.
Қайырлы болғай дағы Атамекен,
Азғантай Алашымның баласына!
Қарайды көкжиектен баба шағым,
Шертеді баба шағым – балаша мұң.
Тамаша лəззатпенен таң асамын.
Тоныкөк, Күлтегін мен Қарлұқ Үлге,
Иассауи, Қорқыт Ата, Баласағұн.
Тіл қатып сыршыл аспан, жаныма түн,
Жанарым елес кезіп жаңылатын.
Жұлдыздан жүзік салып тағынатын.
Кетбұға, Асан қайғы, Қазтуған1 мен,
Тербейтін бесігімді Абыл2 ақын.
Бақ берді, бағыт берді, жүргізгелі,
Ен байтақ, ерен ел мен бірміз деді.
Бұл өмір көк тайғанақ, кіл мұз деді.
Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар жырау,
Доспамбет, Махамбет4 пен тұрмыз деді.
Қорқыт тұр қобыз болып зар иленіп,
Қайғырып бура шөкті, нар именіп.
Əн салды Əсет пенен Мəди келіп.
Селдетті Сегіз Сері, Жеті Қайқы,
Солардан қалған мынау фəни делік.
Күннен-күн озып жатыр кермек болып,
Жатырмыз жан біткенді жерлеп болып.
Өлімнің өзі кетті ермек болып.
Абай тұр ғапыл көктің биігінде,
Батасын бар қазаққа бермек болып.
Қан талақ қара көзден сор тамызған.
Жау жастап, талай ішкен сорпамыздан.
Суырып кіл жақсыны қолқамыздан.
Əнеки Əлихан мен Мұхтар жатыр,
Əбіш те кетті ме деп ортаңыздан!?
Болған-ды күн келбетім, ай-тұғырым!
Айтамын көп жақсының қайсы бірін.
Кеткен-ді халфе, ишан, шайҺы, Пірім!
Ақ Құдай-адамзатқа қанағат бер,
Қолыңды шүкірлік қыл, жайшы күнім?!..
Жаралған кеш кеңестен, таң арманнан!
Жөн сұра жақсылық пен жаңарғаннан.
Еңбек ет –маңдайдан тер, табаннан қан.
Қазақтың қаракөзін сақта Құдай,
Тəңірсіз, тəлім қонбас надандардан!?..
Жыр жауһар, алтын күмбез, сарай ғалам,
Бұл күнде көңілім күй, əн айналам.
Дүние құбылады қалай бағаң?!
Тартайын Отпан тауға – Қарашаңырақ,
Сонда жүр Қалнияз бен Адай бабам!