09.05.2022
  126


Автор: Сабыр Адай

Алматы саған не болған?

Жолықтым қанша зарлық пен,
Өзгерген сауық, əн біткен.
Алматы саған не болған?!
Жаралы жүрек, жан біткен.
Сағаттың тілі жетектеп,
Еңкейген пенде, есеп көп.
Етегін түрген көшеде
Жарнама шамдар секектеп.
Көктөбе қайда көгілдір,
Көзден де ұшқан өмір бір.
Əркімнен сұрап мың жоғын
Көз жасын бұлттар төгіп жүр.
Аға да болдық күрсінген
Қыран құс едік сілкінген.
Еліктей қызға ен салған
Арыстан едік дүрсінген.
(Бақшасы солып
Бақ қурап
Біз жүрген жолдар сүртілген.)
Алматы мынау өзің бе!?
Аңқасы кепкен төзім бе!?
Азда бір болса қазақтың
От болған аршыл көзінде.
Қажыған жандар жауыр боп,
Бағынан соры ауыр боп.
Сауданың тілі сұрқылтай
Жауменен жатыр бауыр боп.
Байларың жатыр тасынып,
Байғұсың жатыр асылып.
Күлген де болдым амалсыз
Жарасын жанның жасырып.
Жайқалған бақша құрақ кіл,
Жан айтпас сырды сұрап тұр.
Көйлегің жылтыр, көркің гүл
Көңілің неге жылап тұр.
Басқаға айтпас бар мінің!
(Көзіңнен көрдім барлығын.)
Сұлу қыз сынды от басқан
Алматы сенің тағдырың!
Шулатып сауық құрасың,
Шудан соң үнсіз тұрасың.
Жоғалтып алған жандайсың
Байқаусыз барлық мұрасын.
Кеңсайға кеткен данасы,
Кеңпейіл қайда баласы?!
Қазақы бейнең қай жақта
Бұл өзі кімнің қаласы?!
Артыңнан ерді Алашың,
Салтыңнан неге танасың?!
Арыңның күміс түймесін
Ағытып қайда барасың!?
Ырдумен ырғап таң асып,
Талғамай жатпен жанасып.
Сен соқыр болсаң біз кімбіз
Көзге де біткен қарашық!?
Сертіңнен тайма, серпінгін!
(Ерлердің алар еркін кім?..)
Не болмаса қазақты –
Өз қолыңменен өлтіргін!..
* * *
Таулар мұнартады, мұң артады,
Жырымның бір арқауы.
Асқар тау,
Бөлек шыңым,
Білмеймін неге өксідім,
Мұнарға құмартады.
Таулардың жылағанын,
Көп көрдім білесің бе!?
Бəрі де жүр есімде.
Қазаққа біткен
Таудың,
Талайы күресінде.
...Білесің бе?!





Пікір жазу