09.05.2022
  149


Автор: Сабыр Адай

Жұртымды сақтайын деп

Көрінбей қырық шілтен, қыдыр бабам,
Қырдан кеп самал болып сыбырлаған.
Ақ құйын орай шауып, борай шөгіп,
Боз төбе ісің мəлім, сырың маған.
Шаңдатып ақ бас құйын күркіреді,
Аспанды төбесімен бір тіреді.
Тарылып қырық шілтен қыдырды іздеп
Көкталды буындырып сілкіледі.
Ауылдан қыдыр кетіп қырсық қалды,
Көк құйын көзге зəрін бүркіп мəңгі.
Ығына жығылсайшы өлесің – деп,
Кəрі ағаш бүйірімнен түртіп қалды.
Салып ап Маңғыстауды жүрегіме,
Ер салдым болат тұяқ күдеріге.
Құйынға қарсы шаптық құтырынған,
Қарамай төрт аяқтың шідеріне.
Қайдасың қырық шілтен-қыдыр бабам!?
Ел едім елесіңді ырымдаған.
Төрт тарап түгел көріп отыр менің
Төбемнен аққан қанды шымырлаған.
Буынып қынай тартып белдемесін,
Жаңғыртып бара жатыр жер белесін.
Құлайды-ау осы құрғыр шідерімен
Құтырып құйын тыным бермегесін.
Біз бірақ не көрмедік бұрынғыдан,
Сондықтан қызым – қызғыш, ұлым – қыран!
Ит іркіт, жылан сүтке шомылып жүр,
Жұртымды сақта, Құдай!?.. Жырындыдан!





Пікір жазу