09.05.2022
  185


Автор: Сабыр Адай

Көкбөрінің апаны

Самға Түрік,
Қыран көкке ұшқандай,
Сүй қазақты – жалғызыңды құшқандай!
Жолым болғай жолай тартып жыр жаздым,
Жүрегімде қанша қайғы, ызғар мұң.
Күдері жал күрең қасқа ат мінген,
Өркениет саған, сірə, жатпын мен.
Жүрегімде тазалық бар ақ күріш,
Пəктігімнен алды қанша жат тыныс.
Көп қымтадым Азияның іргесін,
Шындық зауал, сезімге сор, тілге сын.
Халық едім шоқ жұлдыздай аздаған,
Шоқтай болдым сөнер алды маздаған.
Күлге айналып шашыла да бастадым,
Көкаттыға басыла да бастадым.
Ер Түрікке создым сосын қолымды,
Қандасым ғой менің жалғыз ол ізгі.
Қара түнек қаптасада жау іші,
Қарындастың белгілі ғой дауысы.
Қанша ғасыр дауылдармен алыстық,
Келді Азаттық бауырлармен табыстық.
Қайран туыс сенің орның тым бөлек,
Қолда барда туыстықты біл демек.
Ей, Ер Түрік, Ер Қазақтың сыңары,
Егіз елдің мəңгі бірге ұраны!
Бабалардың көп қиылды ғұмыры,
Аналардың көп жұлынды бұрымы.
Қарындастың қанды жасын ұмытпа,
Ұлықтасаң Ер Түрікті ұлықта.
Түбіміз бір, Түрік едік, ер едік,
Төгілген қан, маңдайдағы тер едік.
Жалынбаған жауға тізе бүкпеген,
Біз жанартау қайта жанып бітпеген.
Жана берем жалындаймын өртеніп,
Сертшіл ұлға семсеріңді бер сеніп.
Семсеріңде сертке берік антың бар,
Маңғыстаумын!..Пір Бекеттей нарқым бар.
Менің тегім көк Тəңірі нұрдан ба?!..
Адаспаймын Отпанда Атам тұрғанда!
Нарқым менің – Халқым менің қымбатпын,
Күн зерлеген күміс моншақ сырмақпын.
Əулиемін қорымдары иманнан,
Иман іздеп кеудесінен қиған жан.
Менің қолым Тəңіріме жайылған,
Көкбөрімді көк аспаннан айырмаң.
Көкке ұлыған арлан едім, арлы едім,
Атажұртпын!..Айтар сөзім бар менің.
Күлтегіннің ағыны бар қанымда,
Қорқыт күйдің сарыны бар жанымда.
Балқып жатыр баян таудың тал-құзы,
Түркістанда Иассауидің қалды ізі.
Иассауиім бабалардың – бабасы,
Дін Ислам мен Ер Түріктің панасы.
Алтай жатыр ата-тектің тұнбасы,
Тоныкөктің торғын самал сырласы.
Хан-Тəңірге аспан жатыр сүйеніп,
Жүрегіме жеті өзеннен күй еніп.
Сарыарқада сақ-сақ күлген ақ бұлақ,
Ақ бақытын іздеп-ақ жүр шапқылап.
Алтын орда, Сарайшығым сары алтын,
Сыр бойынан сансыз бабты қарарсың.
Аманбысың Ер Түріктің ұланы,
Егіз елдің енді айтар бір əні.
Қалың қазақ Ер Түрік пен еншің бір,
Ерге ортақ семсеріңде сертің жүр.
Атақоныс, ата жұртпын аппақпын,
Ақ сүтіммен уыз жырды сақтаппын.
Жыр ішінде Ер Түріктің үні бар,
Бізден басқа бауырымның кімі бар?!..
Арқа сүйеп көп қараймыз Түрікке,
Жау ішінде туыс керек жігітке.
Қалың ойға қалың түрік бойласын,
Қалт еткенде біздерді де ойласын.
Алты Алаштың арланымыз біз деген,
Өз бауырын, түп тамырын іздеген.
Өзің-өзің, өзге өзіңдей болмайды,
Жаттан жақын көп іздедік сол қайғы.
Қара теңіз жағасында жасыл бақ,
Сүйіп жатыр Стамбулды ғасырлап.
Шах-Сұлтандар, нақ Сұлтандар – дара шың,
Əр тасынан бекзадалық табасың.
Əмір етіп күллі əлемге мөр басқан,
Ер Түріктің əр жігіті бір дастан.
Барлық Түрік – Ер Алаштың ұл-қызы,
Оған куə Атажұрттың шың-құзы.
Іс бастарда ар жолында бір игі,
Көкбөрілер көкке қарап ұлиды.
Естідің бе дауысымды Ер Түрік,
Сен де сайла күйдің сазын келтіріп.
Алаш үшін Сен өзіңді баптағын,
Мен сүрінсем тартып мінгін ат жалын.
Тілегі бір, жүрегі бір, бір ұлмыз,
Бір тамырдан көктеп шыққан ғұмырмыз.
Самға Түрік – Қыран көкке ұшқандай,
Сүй қазақты – жалғызыңды құшқандай!
Ұландармыз!..Батыр-байрақ, баталы!
Қазақстан – көкбөрінің апаны!
Өр Алтайда өзің шыққан тұғыр бар,
Көкбөрілер көкке қарап ұлыңдар!





Пікір жазу