09.05.2022
  144


Автор: Сабыр Адай

Ділден дұға

Қайран өмір парақтай ақтарылған,
Дос та құрбан, дұшпан да, жат та құрбан.
Келем жүріп көшеңде көлденеңдеп,
Көппен бірге ұмтылып өрге дендеп.
Жалғыз байрақ жан біткен таласады,
Берешегі көп жанның, алашағы.
Бірді-біреу тартқылап балағынан,
Ізде ілбісін, ал, алда, ала жылан.
Қайда асығып барады қарғылы күн,
Іздегені не сонда барлығының?..
Түсінбедім, ұқпадым ұға алмадым,
Ділден дұға дертіне шығар жанның.
* * *
Сағынған жан екенсің сезіп тұрмын,
Кездеспес жерде сені кезіктірдім.
Ия, сол,
Сен екенсің,
Обал болды-ау,
Өртеніп өз жанымнан безіп тұрмын.
Сағынған жан екенсің, таныдым бек,
Кештім деп, жылай бердің, сағындым деп.
Ия, сол,
Сен екенсің, обал болды-ау,
Кеш дедім кезіп жүрген сағыммын деп.
Сағынған жан екенсің, сары күздей,
Сарғайған сағыныштың əнін үзбей.
Ия, сол,
Сен екенсің, обал болды-ау,
Татып ем шырынан дəмін үзбей.
Сағынған жан екенсің, жаны ғапыл,
Көзіңде көктеміңнің əні жатыр.
Ия, сол,
Сен екенсің, обал болды-ау,
Жырымды моншақ қылып тағына тұр.





Пікір жазу