09.05.2022
  125


Автор: Сабыр Адай

Бір серпіліс жетпеді

Көп ірісе көрмен бірдей қазылған,
Сорлы ғұмыр соны ұқтым сазыңнан.
Өзін-өзі сыйламайтын халықтың –
Маңдайына құлдық қана жазылған.
Манаураған, маңыстаған, қалғыған,
Сол баяғы жауыр құлақ, жалғыз əн.
Жамау көрпе, жыртық шекпен ауыл тұр,
Тарғыл мысық, марғау төбет алжыған.
Жасаураған көңілімнің тұнбасын,
Жұбатамын жұрттан таса бір басым.
Айға тақпақ ала құйын ұрлап ап,
Ару қыздың жылтылдаған сырғасын.
Ару қыздың кеудесінде көп күдік,
Мың шындықтың шапалағын жеп тұрып,
Құшақтады қорымдағы қойтасты,
Бір сұмдыққа шашын жайды бет бұрып.
Алақанын көздеріне көлгейлеп,
Өз көзіне бозбала тұр сенбей көп.
Күс-күс қолын ауыл жайып жылады
Жамандыққа Құдай сабыр бергей деп.
Ауыл өңсіз, мен өзімде қатқылмын,
Қара өлеңді қайдан маған тап қылдың?!
Көптің көзін сүртсем бе деп жыр жаздым,
Сосын оны турап-турап лақтырдым.
Бір қуаныш, бір серпіліс жетпеді,
Қоршаған ба қорғасын бұлт тек мені.
Күліп тұрды кетік тісін ырситып
Шаруа шалдың тасқа тиген кетпені.





Пікір жазу