09.05.2022
  152


Автор: Сабыр Адай

Ауылымды қимай қанша аттандым

Сонау үйдің шамы сөнді дір қағып,
Қайта өшті бір жанып.
Аздан соң-ақ түн құйылды төріне,
Жатты сосын қара түнге шырмалып.
Айға көзін жетім сатып күрсінді,
Қарғыс атсын бұл түнді.
Қараңғыдан жарық іздеп жансебіл,
Қасқа жүрек бұлқынды.
Өңкей жетім сол бір үйдің телмеңі,
Қара түннің қысып жатыр шеңгелі.
Жетім менен ауру-сырқау, жалғыздар,
Түпсіз түннің, құтсыз күннің ермегі.
Тəңірім-ай!..Таң атты ма, күміс күн,
Өмір анау ақ даңғылы жүрістің.
Өңкей жетім ояныпты бүрсеңдеп,
Шүкір Алла, тынышпын.
Ауыл-үйдің амандығы мың бақыт,
Жетім көңіл дүниеге ұл ғашық.
Шарана да өз тұсауын кесіпті,
Қара жерге табандарын тұр басып.
Аман болсын, аман тұрды төсектен,
Өңкей жетім жалғыз шамды ес еткен.
Ауылымды қимай қанша аттандым,
Ертең тағы келем деген есеппен.





Пікір жазу