09.05.2022
  145


Автор: Сабыр Адай

Көшедегі көрініс

Тар көшеде
Келем жүріп емпеңдеп,
Өмір-бақтан өлең теріп берсем деп.
Ақ жаулығын кебін қылған қарттықтың –
Бір кейуана отыр, əне, кемсеңдеп.
Етегінен гүл шашылған жас келін,
Гүл ішінен іздеп жүріп тапты өзін.
Келіншек пен кейуанаға қарайды
Гүл ұсынған, жыр ұсынған пəк кезім.
Қайдан жүрсің пəк күнімнің елібі,
Күн екенсің, гүл екенсің сен ұлы.
Кейуанадан көзін алмай тұр міне,
Жас келіннің дір-дір етіп еріні.
Бірі қарттық, бірі жастық бір көше,
Жолаушылар келсін бізді іздесе.
Осы жолдан жүріп өтпек сан ұрпақ
Өзі айтар өмір жайлы білмесе.
Тар көшеде таңдайымнан жыр көктеп,
Санаулы сəт, басқан қадам бір мектеп.
Қалтарыста қалғып кетті ал анау
Қос жанарын кірпігімен ілгектеп.
Жанға жұмбақ бұл сапардың тұрағы,
Жолаушының жолда сөнер шырағы.
Бейшараның дəмі бітті-ау шамасы
Бір қарағай тіп-тік тұрып құлады.
Тар көшеде талай тағдыр сыналмақ,
Бір дүр-дүрмек шауып өтті ұрандап.
Көшедегі көзкөргеннің бəріне
Ақын байғұс елжірейді жыр арнап.
* * *
Шаршадың ба,
Қайран көңіл, тəтті жан?!
Өзегіңді өртеп жүрме ақтық əн.
Маңдайыңды сүйеп ауыр күндерге,
Аумай қалдың қоңыр қобыз бақсыдан.
Күн дегенің күндес екен тым қатты,
Көздеріңде қызыл шақа жыр жатты.
Дүниенің бəрі осылай десін деп,
Ала бұлт пен аспан төсін сырлапты.
Қалағаның осы ма деп қарағым,
У тірліктің құйып берді шарабын.
Кесесінен зəрін ішіп тұрмыстың,
Түріп алып көп жүгірдім балағын.
* * *
Қайран уақыт қалай сені ұстармын
Жасаурайды жан біткенге құштар күн.
Енді сенде мендік емес басқасың,
Өз ұртымды өзім шайнап жұтқанмын.
Өткен күннің бəрі өзге еріксіз,
Бастан бақты, қолдан құтты беріппіз.
Міне менің жыр жүрегім ала сал
Ақын ғой деп, жақын ғой деп келіпсіз.
Елді сүйдім, жерді сүйдім дерттендім,
Куə болар аспанда ай, көктен күн.
Жүрегімнің берейін деп жылуын
Əр төбеге алау жағып кеткенмін.
Аяладым тау тағдырын, қыр мұңын,
Көл бетінде көрсең көкем тұр мұңым.
Қаласаңыз қалқам саған тастайын
Жалғаншының жан сезбеген шындығын.





Пікір жазу