09.05.2022
  158


Автор: Сабыр Адай

Қоңыр дәптер

Қойын дəптер, қоңыр дəптер кір басқан,
Кір ішінен мөлдірейді жыр дастан.
Тамшылайды жүрегімнен ақ жаңбыр,
Дəптер кіршіл, өлең өршіл сырлассаң.
Қойын дəптер, мойыл қара, қап-қара,
Шықтым қанша өмір атты тақтаға.
Уақыт-ұстаз қойды сосын екілік,
Шындық іздеп шырылдаған қасқаға.
Ей, Маңғыстау, сенде мендей күйікті,
Төрде төре, дей алмаймын би ұқты.
Кімге барып көрсетеміз мұң шағып,
Қан-қан болып қалжыраған иықты.
Дəптер емес ақ арманды кір басты,
Күн қунады, ай аунады, жыл қашты.
Я, тəуекел ту көтеріп шыққанда,
Қайда барып ұрсам екен бұл басты?!
Жол көрсетші, қорлығымнан айығар,
Ер мұңайса, ел өлетін жайы бар.
Қара дəптер қызыл қанға боялсын,
Ат құласа, ізге ерген тайы бар.
Халық едік, хан салтанат шырайлы,
Жерде əулие, көкте сүйген Құдайды.
Қоңыр дəптер жүрегімді құшақтап,
Мені бірге ала кет деп жылайды





Пікір жазу