Бір естелік
Енді, міне, жүрек байғұс қалжырап,
Сəби кезім, сəулелі шақ қалды ұзақ.
Бір естелік – өксігім мен өкініш,
Қалып қойған кеудемдегі жалғыз-ақ.
Тал қалжырап иіледі қар басқан,
Төбе жатыр төңкеріліп жамбастан.
Бала мысық өз құйрығын қызықтап,
Ит көзінде сүйек жайлы бар дастан.
Ай туған-ды кешеде сол шалқалап,
Үркер үркіп, жұлдыз жылжып тарқамақ.
Өлім күткен өгіздердің көзіндей,
Батар күн де қызыл-шақа, қан талақ.
Кешегіден бүгін өзге, зар басқа,
Сақ бола гөр, өз жолыңнан алжаспа.
Ажал отыр жанның жолын күзетіп,
Бір бостандық алып бермек əр басқа.
Мен болмасам деп күледі сорың көп.
Ата-бабаң кеткен дейді қорым боп.
Бұл дүние шындығында тар екен,
Қанағат пен қайырымға орын жоқ.
Ажал соның біліп тұр ғой бар құнын,
Білгеннен соң жеңілдетпек жан мұңын.
Қияметтің дауылы кеп тазартар,
Қайғы басқан қара жердің барлығын.
Жалған өмір жанға болмас жарасым,
Бөз оранып көзден таса қаласың.
Сөз адалын, іс халалын жасай көр –
Шарғаңыздың білген болсаң шамасын.
Күн бетіне күйе жақпа шындықтың,
Жыр жетімек менде сенен сыр күттім.
Кімнен артық ойыңыз бар болмақшы,
Бəрі өтірік бұл алдамшы тірліктің.
Дəріс алған бір қарағай мың жылдан,
Құлап түсті таусылған соң құрғыр дəм.
Бізде , міне, бір естелік қалдырдық,
Ақ қағаздан ақы сұрап шыңғырған.
Айтқан атам беліңді бу бекем деп,
Мен де ертең мезгіл келсе кетем деп.
Өмір болып бір боз мая боздайды,
Кімге нені түсіндірсем екен деп?!