09.05.2022
  296


Автор: Сабыр Адай

Бұрыштағы самаурын








Жез самаурын шоқтан түсіп қамықты,
Анам кетті, жетімегін таныпты.
Жан ұстайтын жері қалмай бұл жолы,
Тұтқасынан жаныпты.
Кім ұстасын иесі жоқ, анашым,
Жаңа дəуір, жаңа сын.
Жез самаурын бір бұрыштан қарсы алды,
Бір кемпірдің жетім қалған баласын.
Сандығыма салып жүрмін қорғалап,
Жез самаурын болма жат.
Жаңа көрсе ескісіне бұрылмас,
Сəл ұмытшақ, шəйға құмар сол қазақ.
Жез самаурын енді сенің иең кім!?
Бұрышқа кеп сүйендім.
Өзегіңе от салып ем шоқ болды,
Жыр арнадым, күй өрдім.
* * *
Шалыққасын өлең дерттен шаршадың,
Жапалақтап жатқызбайды қарша мұң.
Өмір өзі кетіліп-ақ келеді,
Тасқа тиген жүзіндей боп балтаның.
Оның несін жырға қосып қалмақпыз,
Шақырады алдап құз.
Біздің тағдыр бесенеден белгілі,
Шаршысына шығып алып шаңдаппыз.
Керек күні келтесімен ұрады,
Қанша тағдыр құлады.
Жалғаншысын жартыладық тауыстық,
Нағыз өмір басталған жоқ шын əлі.
* * *
Осы жанға бақыт берші Тəңірім,
Лайықты ол соған.
Жолы азап, көргенінің бəрі мұң,
Тек ,сол, адал: шыныменен болса жан.
Осы бір жан тек өзіңнен күтулі,
Əділеттің көктемін.
Құзғын біткен қауырсынын түтулі,
Оған куə көкте күн.
Осы бір жан,
Жан Алласын іздемек,
Жерден сая таппай жүр.
Аяғынан мың бір шырмау тіздемек,
Өзің қолда, жаным Алла сақтай жүр!?











Пікір жазу