09.05.2022
127
Бесік жасап бере сал
Өлең нəзік
Іңгалайды құндақта,
Жұбата көр қызыл шақа жыр жатса.
Ақын байғұс бір келеді өмірге
Екі гүлдеу қиын енді бір баққа.
Көздерінің жасын сүртіп жұбатқын,
Өмір деген бір таң сосын бір-ақ түн.
Құндақта жыр –
Гүл бақтағы көбелек,
Қолын жайып сенен шуақ сұрап тұр.
Еркелесін жетім көңіл бір күліп,
Қашанғы ол жылай бермек шыңғырып.
Жетім жырға бесік жасап бере сал,
Қасқа ақынның қаламсабын сындырып.
Ақ қағазға кетпей тұрып кір сіңіп,
Жыр жүректің қаны тамсын бұлқынып.
Қан жүрек пен халал жырдан нəр алған
Кетсін сосын кең дүние құлпырып.
Өлең болмай өмір болмас біл мұны,
Он сегіз мың ғаламға тең жыр құны!
Қазағымның қара өлеңін сағынған
Кең Алланың жылап отыр бір құлы.