Күйінің басы науайы
Күйінің басы Науайы, Сағыз да менен Жем ескі,
Үнсіз де қыр мен кеңесті.
Қара да мерген,
Сұр мерген,
Сұқтанған тұсы бір-дағы,
Қаптың суы тентек-ті, азынап тасқын сең есті.
Болар да енді бір мəні,
Жебесін неге сырлады,
Азғантай ауыл қырдағы,
Не болып қалды тағыда, ашулы мұндай емес-ті.
Күйінің басы Науайы, жырының ізі Ноғайлы,
Көргені оның солай-ды.
Орғыл да, орғыл,
Орлы құм,
Оранған отқа сорлы құм,
Жон арқасы мың қабат, жорытқан ерге қолай-ды.
Саланың бойы қоғалы, Сардардан қалған жол əні,
Ол да бір елдің оралы.
Маңғыстау деген – Түбегім!
Түн қақалды жұлдызға,
Шам түбінде көзімнің шарасы жасқа толады.
* * *
Біле тұрып, көре тұрып тоналды.
Ұры-қары жол алды.
Піл тұмсығын қалай ғана жек көрсін,
Ауызына сол ас салып, оңалды.
Пілдің бəсін тұмсығынан сұрағын,
Сансыз дүрмек, бір ағым.
Пілге тұмсық бəрінен де қажет-ақ,
Сен жазғырма көзі менен құлағын.
* * *
Өрт ішіне талай Мен де кіргем-ді.
Өмір деген солай жаным бір дем-ді.
Екі көздің бірі жау боп біріне,
Бес саусақ та, бір артық пен бір кем-ді.
Тегін екен
Көз жасыңыз жаңбырдай,
Мұны саған кім берді?!
Көрмеген бас
Қолға бермес тыныштық,
Бір жаға мен бір жеңді.