09.05.2022
  152


Автор: Сабыр Адай

Көңілдің гүлсіз бағы

Кең Алла кетпес дəурен жырың қайда,
Қырмызы қырың қайда!?
Маңдайы тасқа тиген сұм тағдырдың
Жүрегі жылынбай ма?
Əр тайып, əл кеткен соң құрсын-дағы,
Көңілдің гүлсіз бағы.
Төбемнен таспа тіліп құнын алған,
Қу жалған тұрсыз ба, əлі?
Телмеңдеп тереземнен бұлт қарады,
Жаман-ды шықтағаны.
Батқан күн түн-түнекке кетті сіңіп
Ажалын ықтағалы.
Əрəйна, əлай жалған, əндемелі,
Шешілсін жан көгені.
Құрсанып құрдан шыққан көк найзалы,
Бек сауыт таң келеді.
* * *
Көңілім үйде шідер, түзде көген,
Күй туыс, жанға серік бізбен өлең.
Шақырып əр пернеден бір-бір дəурен,
Бөлініп кетті-ау менің жүзге денем.
Жанымды жылытқан күй жалынымен,
Ұл едім уыз ішкен бал үнінен.
Жүрекке қорғасын күй қонақтайды,
Балқыған оттан ыстық қалыбымен.
(Сен менің көрер қызық жарығым ең)
Желкесі жетпіс жерден кескіленген,
Желден күй, қобыздан саз естігем мен.
Күй емес күннен түскен сəуле сынды
Бұлт-көңіл қырық жамау тескіленген.
* * *
Шерқала1 деген шерлі екен,
Шер тартып қайдан келді екен?!
Айналып қара бұлт көшті,
«Аһ» ұрған біздің ел ме екен?!
Боталы боздау нар ма екен?
Борайда соққан қар ма екен!?
Бір көштің ізін таппадым,
Көкешім менің бар ма екен?!
Бозторғай сайрап күлісті,
Көңілім мұз да, күн ыссы.
Əріге барып көшкен бұлт,
Найзаласып жұлысты.
1 Шерқала – тарихи орын, жер атауы
Бауыздау дұшпан жырылып,
Бауырым қалды жығылып.
Бітпейтін дауы ел болдық,
Аспан мен жерде қырылып.
* * *
Ол байғұсқа не демекпіз жүрсін-де,
Ит өмірін сүрсін де.
Құл арманы сүріндіру басқаны,
Білмеген бол, кісімсініп күлсін-де.
Сүріндірсін сонадайдан шырғалап,
Өз бауырын аңдып отыр бір қазақ.
Ту сыртыңнан қаныңды ішпек білдірмей,
Еріндерін кеуіп қалған тұр жалап.
Білмейді деп ойлайсың ба қыртпанды,
Болып көрмек ұлтжанды.
Шын айтқанның бəрін дұшпан көреді,
Дос қылады жəреуке мен бұққанды.
* * *
Тірі жүріп өлудің азабынан сақтағын,
Сүйген құлың айтар ма, сен тұрғанда жатқа мұң.
Алла бір де,
Құран шын,
Пайғамбардан шапағат –
Жаралғанда дүние есіміңді жаттадым!..
Алла!
Алла!
Жан Алла!..
Өлең жаздық өртендік,
Сөз сұлтаны халал ма!?
Төгілген сүт – өткен күн, ал азабы зəр сынды,
Жоқтан бізді жаратқан тек сүйеміз, ЖАР, Сізді!
Жел өтінде
Жүрек бар,
Қайырып-ақ келеді қар аралас бар сызды





Пікір жазу