Үнсіз майдан
Бір-бір жүрек мың үмітті құндақтап
Тіршіліктің əліппесін жүр жаттап.
Əсем үйдің
Аққу мойын мұржасы
Жалғаншыны тұр мақтап.
Езілген қарт, еңкіш тартқан кəрі ағаш,
Əсем үйге əдейі сол қарамас.
Біреу тойып,
Біреу тоңып секіріп
Қу дүние үнсіз майдан, жағалас.
Бұрымына мұздан моншақ тағынған,
Тау төлежіп, бұлақ əннен жаңылған.
Қара басын
Қаңбақ алып қашып жүр
Жол-жөнекей ит пен құсқа шағынған.
Жел тығылып үңгір көрсе азынап,
Бұл өлкенің алыс кеткен жазы нақ.
Мен отырмын өкінішті малта ғып,
Өткен күннің көңілімде сазы қап.
* * *
Мінедің ғой,
Сосын тағы сынадың,
Жалған айттың, сендірсем деп жыладың.
Иман атты таразының үстінде
Өз отыңа өзің жандың шырағым.
Мен төзімнің киіп келдім сауытын,
Қалқаным бар жау үшін.
Етек басып жүгіретін жайым жоқ
Ескі жұртта қыңсылаған дау үшін.
Бір көргенсіз қайда да сол жүреді,
Төбесімен көкті тіреп бір өзі.
Уызында жарымаған күшік қой
У ішсең де соны сұрап үреді.