Сары алтындай салмақтадым
Шырқырап
Шырақ жағып дұға қылдым.
Көп тілеп берекетін бұла күннің.
Елесі аруақтардың
Ен жайлаған
Тінім бір тірліктегі сыңарыңмын.
Ханы дүр,
Қарасы көп, жарасы мың.
Қазақтың қанағатшыл баласымын.
Ұлыңмын
Ұлы көштің бесігінде
Үміттің үкілеген бар асылын.
Бүр жарған
Шыбық сынды қыр басында.
Иілдім ізгілікпен сырласуға.
Көп таулар көз алдымнан
Өтіп жатты
Əрқайсы тірек болған бір ғасырға.
Тау емес
Тау тұлғалы бабаларым.
Алдыңда перзенттік пен адал арым.
Қайғы ойлап Қаратауды жағаладым
Сені іздеп Отпан тауды сараладым.
Сан керуен
Сəулелі нұр, саңлақтарым.
Дұға қып, шырақ жағып ардақтадым.
Бейнесін берекетті Шалдарымның
Санамда сары алтындай салмақтадым!
Хақ қалап кіндігіңнен тарағанмын.
Кеудемнен жаным зият қалаған күн.
Жанымда, жүрегімде,
Тілегімде –
Үні бар аналардың, бабалардың!