Ер өлген жерде сайғақ бар
Тасөкпе қырдың шұбары,
Шұбалаң құйрық мұнары.
Шұрық та-тесік көк аспан
Тірліктен қанған құмары.
Көзінен жасы мөлтілдеп,
Көк аспан жылар селкілдеп.
Қасқа да бұлақ күміс жал
Барасың қайда еңкілдеп?!
Қарлықты қарғам тамағың,
Даланың көзі нала-мұң.
Ебелек пенен сүртеді
Еліктің қанды жанарын.
Дүбір де дүбір дүркін-ді,
Дүбірлі дəурен бір түрлі.
Бекеттің1 арқар-тауынан,
Беймезгіл құлжа үркінді.
Күреңде қасқа ұлы жыр,
Сөзінде көптің мұңы жүр.
Жатпай ма екен қызыл тіл,
Жақ ішінде құрығыр?!
Жаси да көрме асқақ жыр,
Жаралы жаның қақсап жүр.
Сорға да шөгіп кер үлек,
Сормаңдай нені бастап жүр?!
Келені көзге ілмейді,
Кезеніп ерді тілдейді.
Боталы келе
1 Бекет – Пір Бекет – киелі мекен.
Бор құмда,
Барарын қайда білмейді.
Аспанға шапшып оқталған,
Өмірін өртеп от шалған.
Көкірек тұсын паршалар,
Көкбөрі ұлып Отпаннан.
Бауыр да болсаң құлақ түр,
Бауырын ұстап құлап тұр.
Таңдайында құланның,
Маңдайында құлынның,
Біздің де тарих жылап тұр.
Қайнарлы бұлақ Қаратау,
Қанды өзегі жара тау.
Көз ұшында бір ноқат,
Құтырған құйын, нар асау.
Боздаған көңіл талмайды,
Көктен бір көзін алмайды.
Ойран да болған молалар,
Сен қашсаңда қалмайды.
Сағана тамдар сарығып,
Құлпытастары қарығып,
Жолап та кетсең сыр шертер
Таңдайдан теріс жарылып.
Самал да желді бұлатар,
Сары атанды құлатар.
Қыналы тастан аққан жас,
Қырық ру елді жылатар.
Сырық бойлар сына бар,
Сыналы таста мұра бар.
1 Отпан – киелі мекен.
Сұқты көзі сұрланып,
Сұғанақ иттей ұрланып,
Ат кекілін кесіскен
Ата бір дұшпан сығалар.
Əулие тербеп талған жер,
Алладан медет алған жер.
Қылышын қанға малған жер.
Боздақтан небір қалған жер.
Ер Төлеп пен Шабай бар1,
Тойнағы бөлек талай бар.
Балуанияз, Ер Қармыс2,
Ерлерді туған адай бар.
Жан беріп, сосын, жан алған,
Жансауыт киген ажалдан.
Көкте бір жасын ойнаса
Көзіне келіп қадалған.
Шемені қоздап шерленген,
Шерленген көңіл езгеннен.
Қағынан жеріп қасқиған,
Құланға мерген кез келген.
Беглердің бегі мерген-ді,
Беглерге берен ерген-ді.
Аманат жанды тапсырар,
Қайран да ерге жер келді.
Қаралап аспан тұр əлі,
Тарқады елдің құралы.
Ереуіл аттан еңкейіп,
Есіл де ерлер құлады.
1 Төлеп, Шабай – бəрі де ел үшін басын берген, қанын төккен батырлар. 2 Балуанияз, Қармыс – бəрі де ел үшін басын берген, қанын төккен
батырлар.
Қайнарлы бұлақ сарқылды,
Қайғының көзі аршылды.
Дүлдүлдің жасы моншақтап,
Аспанға шапшып тарпынды.
Көкмойнақ мінген ауыл-ды,
Күмістен тұрман салулы.
Ер өлген жерде сайғақ бар,
Сайғаққа тұлпар таңулы.
Ерлерді ажал қылғытып,
Иесін тұлпар тұр күтіп.
Құлан да тағдыр көкмойнақ,
Мың жылдық жасын жүр жұтып.
Ер өлген жерде сайғақ бар,
Бəйгіге басты байлап бар.
Адайы жылқы шаппаққа,
Ай бетінде айлақ бар.
Күн бетінде-ай күміс бар,
Күмістен таза ырыс бар.
Тегін де шаппас текті еді,
Көкмойнақ шапса бір іс бар.
Қанға да бөккен бұрым тұр,
Бұл ғасырдан бұрын тұр.
Əр жусанның басында –
Əлəйда жалған жырым тұр.
Төгілмес төрден бекер жыр,
Абылдан1 қалған шекер жыр.
Атамыз Адай2 айғақтап,
Қазығын қаққан мекен бұл.
1 Абыл – атақты Абыл жырау. 2 Адай – Ата кесенесінің орналасқан жері.
Əркім де елге ғашық дер,
Əлдилеп əнге басып көр.
Қайтейін сені Маңғыстау,
Кеудеме сыйсаң жатып көр.
Жаралған нұрдан Адай-ды,
Жанынан шуақ тарайды.
Сайғақ та сайын бір тұлпар,
Сəріден таңға қарайды.
Ер өлген жерде сайғақ бар,
Сайғақты жерде айғақ бар.
Шейіттер жатқан мекенге,
Сайланып белді байлап бар.
Шар тарап майдан жол алда,
Шаршыға түскен оңарма.
Ұлан да байтақ Маңғыстау –
Ұрпаққа қоныс болар ма?!
Боз жусан бұйра шаңдағым,
Заманның зарпын аңдадым.
Кеудемде сертшіл жүрек бар,
Маңғыстау саған арнадым!
Қайралып жырым жетілді,
Дауылға бұрдым бетімді.
Қаңтарда жарап тарпыған
Қарашыл бура секілді.
Қара өлеңменен
Тураған,
Ұсындым жүрек етімді.
Мұңдастық сырмен жандағы,
Кеудеде күмəн бар-дағы.
Алтын да арқау Маңғыстау,
Алаштың қара шаңырағы.
Баса да көрме жаңылып,
Қол жайдым Хаққа жалынып.
Сен сарқылсаң Маңғыстау,
Жалғанда жүрмін нағылып?!
Салт-дəстүрдің
Сандығы,
Маңғыстау сенде бар үміт!