09.05.2022
  158


Автор: Сабыр Адай

Сарғайған сарайшық

Сор дəурен, құлаған күн, жылаған құм,
Қол жайып көктен медет сұраған кім?!
Орданың ойраны бар, сайраны жоқ,
Құлағын кер қобыздың бұраған кім?!
Қай дауыс, мына дауыс, жеті көктен,
Жем болып, жерден ада, есі кеткен.
1 Сарайшық – ортағасырлық қала. Атырау қаласының солтүстігінен 55 шақырым жерде Жайық өзенінің оң жағалауында орналасқан.
Сарқамыс, сақау құдық, шашылған күл,
Бір сұмдық, Сарайшықты жетім еткен.
Бұлт көшті бұлағайлап қан-қан күрең,
Қасқаның іші толған арман білем.
Көмусіз көп сүйекке торғай қонып,
Зарлайды дұға қылып таңнан кілең.
Есіл жыр, ерке құлан дүбірлеген,
Есеңді алып өлші бүгін менен.
Қазақы қара өлең хан шатырлы,
Қанша жау шапсадағы бүгілмеген.
Басынан əр төбенің шырақ жағып,
Қанатын қанға бөгіп сыңар қағып.
Нұр шашып тіріге де, өліге де,
Таң атып келе жатыр қылаңданып.
Жан едім, жанып-күйген өлең едім,
Шыбын жан, не сұрайсың, көбелегім!?
Шырылдап өтіп барам жалғаншыдан
Өз қайғым – тілеп алған бөгелегім.
Су сеуіп қанатыңмен жүрегіме,
Бес қару кеттің іліп білегіме.
Сарайшық, Алтын Орда, кемиек құм,
Кемсеңдеп не демексің қыр еліне!?
Қызғыш құс, қиғаш қайда ұлы құмда,
Кімдер жүр, кіл лашынның тұғырында.
Күймелі дəурен сыңсып бара жатыр,
Жез қоңырау Ақ Жайықтың бұрымында.
Сарайшық, сансыз мола шегінеді,
Көңілім көк жаңбыр боп егіледі.
Жайықтың ақ төсінде ойнақ салып,
Шағала шартық жемсау не біледі?!
Ақ Орда, Алтын Орда – жатқан жалын,
Ашылмай ауған дəурен тақтан бағың.
Желкелеп жеңген құзғын басып жатыр,
Қараойдың қансыраған қасқалдағын.
Құны жоқ жеңілгеннің қара бақыр,
Əлсізге күнде келмек заманақыр.
Бұрқырап төс етінен қасқалдақтың
«Өлдім» деп өлең ұшып бара жатыр.
Көрерміз көрмегенді елмен бірге,
Айтармыз жанның сырын теңнен кімге?!
Мысалы: Сынық күзе – Сарайшығым,
Аңылжып азынайды желмен бірге.
Жау жыртып гүл етегін паршалаған,
Қарайды хан-салтанат қанша заман.
Сан мұңдық шағыл бойлап көшіп жатыр,
Кірпігін толған айдың қалқалаған.
Абыз құм,
Аталық бел, аналық көл.
Айналып ата құзға баралық кел.
Кең Құдай кеңес қылсаң айтарым сол,
Даламның тілін білер даналық бер.
Сыр толғап қара тастың өзегінен,
Сүйсем бір маңдайынан кезегімен.
Сарайшық саған келіп үнсіз тұрмын,
Сайраған қызыл тілмен безеніп ем.
Көңілім алай-дүлей мұңданады,
Түрулі заманымның бір балағы.
Тағыда құмай қуып, қоян қашса,
Артында сол сүргіннің кім қалады?!
Ел еді Алтын Орда алшаңдаған,
Бұл күнде бұқпа болдық жалтаңдаған.
Қоянға құмай құдай,
Қойға – қасқыр
Əлсіздің күні қараң қалтаңдаған.
Ұл зарлық, қыз қалқаның қор жүрегі,
Бағытын бақ пен сордың жол біледі.
Тамшы жас шым түбінде шыңыраудың
Шындығын тарихымның сол біледі.
Қош енді,
Қоңыр төбе, сырлы мекен.
Мен байғұс мекенімді жыр ғып өтем.
Жылға сай, жылым біткен,
Ұлын күткен,
Сарғайған Сарайшық та мұңдық екен!
Қара түн сондағыдай бəрі, міне,
Бозғыл тау, сабан қора, кəрі күде.
Аттандым жалғыз түнеп Сарайшыққа,
Қол жайып аманаттап Тəңіріме!
Өз ұлын ұлы дала аңдап жатыр,
Тігіп жүр өңкей əруақ таңнан шатыр.
Шашылған бас сүйек пен төс сүйектің,
Ішінде көп тістеулі бармақ жатыр.
Жөнелдім мен де шайнап бармағымды,
Тапсырып жанға жырды, таңға мұңды.
Тар жерге тағы келдік, жаным Алла,
Қор етпей, зор етпексің алда кімді?!
Күн шықты күлім қағып, түнім кетіп,
Жыртығым жамалғандай, тінім бекіп.
Сарайшық саған қайта келем əлі,
Сардарын сан арманның дүбірлетіп.
Желегін желмен жайқап гүл-баһардың,
Ай сауып, ақ сүтімен сырлатармын.
Алтын зер, күміс күмбез мұнараңнан,
Əлемге ұран салып, үн қатармын!
Өткеннің өрнек алып елесінен,
Үміттің жүзіп келем кемесімен.
Біз де бір құралайдың лағымыз
Адасып маңыраған енесінен.





Пікір жазу