Қараша айы
Қарашада сені көрдім сенделдің,
Қарай-қарай қарғам саған мен келдім.
Қара көзің жасқа толып мөлтілдеп,
Оған дедің сенгенмін!..
Кешір дедің...Кештім сені жыладың,
Мойынымды жас пен жуып шыладың.
Екеумізге айтып жатты қос жүрек,
Ескі күннің бір əнін.
Үнсіз қалды қайың менен қара тал,
Мың жапырақ сыпсың қағып, бал ашар.
Жабыққанда жаным маған келерсің,
Бар ендеше, бара сал!?..
Тосып кетші ыстық деммен бір ерін,
Тоңазып тұр жүрегім.
Айдыныңнан қанат қағып тағы ұш,
Аққулармен бірге менің тілегім.
* * *
Көзінде көптің тұр қайғы,
Көп айтып қайтем бұл жайды.
Сар табақтан ас ішкен,
Сасқанда сатпай тұрмайды.
Мəңгүрттігін мəн қылған,
Көсемнің атын сəн қылған.
Қой бағып құмда жүрседе,
Тақырбас шалды əн қылған.
Тізесін бүгіп құшқан-ды,
Тілеуін тілеп ұшқан-ды.
Талайдың тілі шығып жүр,
Тамырын бассаң дұшпан-ды.
* * *
Сен келдің де ауыл іші нұрланды,
Қызды сүю ұлдан-ды.
Талай ару көлеңкеңде көрінбей,
Көкте күннен құр қалды.
Сен келдің де мұнар шалды қыздарды,
Көздерінде сыз бар-ды.
Енді, əрине, өмір ғой, бұл, бақ талас,
Ай арулар өз күндерін қызғанды.
Сен келдің де бой түзеді боз бала,
Сендік есім болып жатты сөз ғана.
Бізді қойшы батар күннің жамалы,
Жүрегімді қозғама.