09.05.2022
  142


Автор: Сабыр Адай

Бағасын білмей уақыттың

Есен-сау келді ерке күз,
Төрлеткін енді келсеңіз.
Сары да көрпе, жез жиек,
Жатыңыз жаным сенсеңіз.
Жапырақ ғұмыр жаншылды,
Алыстан салған əн сынды.
Еміс те еміс естіліп,
Күз кетті сары алтын-ды.
Қыс келді сосын сұғынды,
Көрінген жанға ұрынды.
Күз де болса жақсы екен,
Өткен де күнім бұрынғы.
Дір қағып жүріп таң астық,
Ділгірге үнсіз қарастық.
Бағасын білмей уақыттың,
Бақыттан қанша адастық.
* * *
Қара жер жатыр теңселіп,
Қап-қара дауыл еңсеріп.
Шыққан да жанға көк аспан,
Қайғылы жанға жер серік.
Ұяттан ұлың жаралсын,
Əдептен қызың нəр алсын.
Құдайсыз істе мəн бар ма?!
Дəстүрсіз елде сəн бар ма?!
Шалдардың жолы сары алтын.
Күнге бар, мейлі, айға бар,
Күмпіген мақтан, сайран ал.
Көңілге-көңіл шомылар
Көрікті өмір қайда бар?!
Ықылас-ниет халалдан,
Қайда бар халал-адал жан.
Сыртыңнан қамдар дос қайда,
Туғандай бірге анаңнан.





Пікір жазу