09.05.2022
  196


Автор: Сабыр Адай

Ақ шашу - менің ақ жырым

Ақ шашу – менің ақ жырым,
Ақ жырдан үзіп ал бүгін.
Алаштан несін аяйын,
Ал күнім, келде, барлығын!
Ақ сəуле жанда періштем,
Перизат сыйлап, ер ішкен.
Ақ тостаған уыз жыр,
Достарым қайда сеніскен?!
Аламан қайда ақ жүрек?!
Ай құшып бірге қалғып ек.
Ақ шамын жағып ай күліп,
Ақ сезім аппақ балды – деп.
Күміс жаңбыр – күн сын-ды,
Күнім күліп қымсынды.
Шөкім бұлт кеп шөл басты,
Қара жер қаулап құлпырды.
Дала жатты ылжырап,
Айдарын тарап жыр бұлақ,
Айғай салып жөнелді,
Ағайын іздеп құлдырап.
Шаттығын шарлап бөлмекші,
Көңіл сыйса, төр жетті.
Кеудемде жатқан дара жар,
Кезінде солай ер жетті.
* * *
Көп күлістім көктеммен,
Көзіме бұлттар шөккенмен.
Жер құшақтап белімнен,
Көк желкемнен көк төнген.
Хабар алып тұрғын деп,
Өбеген неме өткеннен.
Қызғалдақ қырат бүрлеп тұр,
Қырға бір қалқам жүр деп тұр.
Бейіштен соққан ақ самал
Жанымның шоғын үрлеп тұр.
Баладай көңіл балғын-ды,
Базарын жырлап əн қылды.
Жанын да беріп ата-ана
Жалғанды бізге қалдырды.
Біз жүрміз
Аз күн қызықтап,
Əдіра мына қалғырды.
* * *
Қатқақ мұз жүрісімнен жаңылдырды,
Жел түртіп, желке тұстан бағып жүрді.
Етекке оратылып шөп пен шөңге
Аяққа тұсау салып қағып жүрді.
Қуады құйын тұрып қашқан сайын,
Сүрінді жолдан құнан, тастан тайым.
Ниеті көп жаманның шыңғырады
Өкшемді қара жерге басқан сайын.
Сонда да кешіп келем кеңістікті,
Шақ бойлап шарғамызға өріс бітті.
Толғандай өмір жырға, көңіл құбыла,
Кей жаман көрсеткенмен терістікті.





Пікір жазу