Жыр отауға қоныспын
Өңім бе бұл, түсім шығар асқақпын,
Күннен шуақ жастаппын.
Көкірегім алай-дүлей аңызақ,
Менің өзім аптаппын.
Басшы менің жан шөлімді желегім,
Жер шетінен келемін.
Жасыл орман жаным құстың мекені,
Менің өзім жел едім.
Қайырлы таң тау біткеннің бабасы,
Таңның мына жаңасы.
Өлең екен өз көзіммен көрдім мен,
Аспан-жердің арасы.
Нөсер болып құйсам дедім,толыстым,
Сосын тағы сор іштім.
Жағам жайлау, жаным жырдың мекені,
Жыр отауға қоныспын!
* * *
Құлдан да өтер серілік,
Құт қонған күні басына.
Кербезде болдық керіліп,
Арудың қонып қасына.
Бүлкілдеп тамақ тамыры,
Ентігіп ерін тосқан-ды.
Құлаққа келіп зар үні,
Жүрекке тінін қосқан-ды.
* * *
Келіп тұр көктем кешігіп,
Бусанды дала шешініп.
Ақ тілек жаңбыр жауғанды,
Бауыры бұлттың тесіліп.
Қария көзін жасқалап,
Кебіні сынды аспан ақ.
Керелеп жұтты сəулені,
Келмеске кетіп тастамақ.
Жабырқау көңіл жасығыш,
Тағдырдан қылмас асып іс.
Тамырын кештеу салған гүл,
Қауызын жармақ асығыс.