09.05.2022
  184


Автор: Сабыр Адай

Асалы мен Көкетай

Шығарып ерін күліп тұр,
Етегін заман түріп тұр.
Төбе де сайын бір төбет
Көшкенде елге үріп тұр.
Көшеді ғасыр күймелі,
Ағытып күй мен түймені.
Асылын жалмап жігіттің,
Ажал бір көрге сүйреді.
Қайранда ғапыл ерлердің,
Қайғысын зерлеп тергенмін.
Өлімге қиып өренді,
Өз қолымменен бергенмін.
Қайғысыз зарсыз үн бар ма?
(Ақпаған жұлдыз түн бар ма?)
Қазаққа біткен ұл-қыздың,
Қадірін білер күн бар ма?!..
Жұлдыздай ағып жөнелген,
Көкжұлын қанша көгеннен.
Кебіндеп келем мен соны
Кестелі-жібек өлеңмен.
Шыңғырып айттым шырылдап,
Дəуірде бөлек, жырым жат.
Қарақат көзден қан ұрттап,
Қарайды күнім қырындап.
Жер төсек болған көңіл дүр,
Жеткізбей қашқан өмір бұл.
Шұбалаң құйрық уақыттың,
Шаңы да бізді көміп жүр.
Сырғалы бұлақ сыңғырап,
Күледі байғұс бір жылап.
Желбегей шапан жамылған,
Жер түбінде мың қырат.
Қыратта сайын қорым-ды,
Кес-кестеп бөгер жолыңды.
Асалы менен Көкетай,
Көресің кімнен сорыңды?!
Аяныш күткен Алладан,
Бақидың жолын таңдаған.
Кемер де белбеу – кер соқпақ,
Ғашықтан қанша қалмаған.
Ажалдан арқан тақтырды,
Айдынды сарқып қақ қылды.
Бəріне куə боз төбе,
Бұрымын серпіп лақтырды.
Айтқызсаң күшті адал-ақ,
Əлсіздің бəрі қара бақ.
Ит жағалас қу жалған,
Біреуді біреу таламақ.
Жер тістеп өлген жаман-ақ,
Желкеңе түлен балалап.
Көрге бір түссең көзіңнен
Көр тышқан шұқыр табалап.
Табасы қанар көмгеннің,
Маңдайда шырақ сөнген күн.
Обалын кімдер көтерер,
Ғашықтық дерттен өлгеннің?!
Жел сыбырлар «асық» – деп,
«Не күтіп жүрсің жасық» – деп.
Ел сыбырлар Көкетай,
Жалшыға ойбай ғашық деп.
Жараның қасып жауырын,
Жау болар туған бауырың.
Қос ғашық жайлы сөз кезбек,
Адайдың екі ауылын.
Қыз байғұс сөзге шырмалды,
Құбылып өсек қырланды.
– Көкетай сонда тастай ма,
Атасқан анау бір жанды?..
– Атасқан, əлгі, жан қайда,
Адамын келіп алмай ма?!..
– Батасын аттап əкенің,
Қарғысқа бейбақ қалмай ма?..
Осылай халық шулап жүр,
Шуласып сөзге қунап жүр.
Арудың аршыл жүрегі,
Өрт ішінде тулап жүр.
Түздегің менен үйдегің,
Түсінсін мұндай күйге кім.
Өмірден биік қоя алмас,
Екінің бірі сүйгенін.
Сүйегін сүйреп сұлба ғып,
Бір күлді байғұс бір налып.
Сүйгенің сенің не керек,
Сүрінсең тебер бұл халық.
Өзінше тобыр толғайды.
Өшігіп айтар ол жайды.
Əлсізге, сірə, əу бастан,
Кешірім деген болмайды.
Желіккен жұртың жараулы,
Желкеңнен тістеп талаулы.
Қарадан ақты айырған,
Қайсың бар, қане, санаулы?!
Біріңді бірің торладың,
Түссе де мейлі орға кім.
Бұтаңа қонған торғайды,
Бұтарлап қанша қорладың.
Жағып жүр əркім жаласын,
Қандырып қарау табасын.
Қай жерде қашан қорғадың,
Азамат ердің баласын?!..
Ойқанып шапқан ойрансың,
Мұныңды қашан қойғансың?!
Елім де деген ерлердің,
Талайын өзің жойғансың.
Құл-құтан белін қынаған,
Құтырып жасты сынаған.
Сезімді қайтсін көп тобыр,
Жүректі қайтсін жылаған.
Өмір бір болмас тегіс-ті,
Батыр да құрбан, ер істі.
Асалы менен Көкетай,
Кетпекке шалғай келісті.
Жамылып түнді қос ғашық,
Жаңылып тұрды от басып.
Бірін де бірі аймалап,
Тамғандай болды шоққа шық.
Қайырлып көзін сыққан-ды,
Қайғыдан жүзі шықтанды.
Балғын да көңіл бақ тілеп,
Уəделі күні шыққан-ды.
Жеңгесі қыздың қылықты,
Бауырға басып жылытты.
«Есен жүр, енді, еркем»-деп,
Көзінің жасын сығыпты.
Боздады бота нар қалып,
Қара жел соқты қарғанып.
Жас торлап тұрды даланы,
Жанын бір үзіп зарланып.
Көк төбет үрмей саяқ тұр,
Сезеді... зауал таяп тұр.
Итте бір болса құрығыр,
Жастарды үнсіз аяп тұр.
Тағармын жасқа не мін деп,
Ғашықта ой жоқ шегінбек.
Кер бесті басын шұлғиды,
Амалым бар ма менің деп.
Өлімге жүзін қаратып,
Мініске тұлпар жаратып.
Аттанды, міне, қос ғашық,
Айдарын желге таратып.
«Сүйгенім жалғыз бек, сен» – деп,
Сүйеніш қылып кетсем» – деп.
Сауғалап басын жөнелді,
Сарыарқаға жетсем деп.
Шыңдарға шырқау жетпекші,
Қыңыр да басып, шет кетті.
Қай маңда жердің шеті бар,
Сол жерге сіңіп кетпекші.
Тозақтың сəті басталды,
Құзғындар жайлап аспанды.
Тілекті Құдай бермеді,
Тірсекті кесіп таспа алды.
Қарғалар күлді қарқылдап,
Бұл істің дейді артын бақ.
Қашқынның пірі қуғыншы,
Қылышы қырдан жарқылдап.
Білмессің арттан кім келді,
Əйтеуір қара зіл келді.
Құтылмасын қос мұңдық,
Құба бір таңнан білген-ді.
Аңдыған ауыл қырағы,
Дүркіреп дүрмек шығады.
Үстінде аттың қоштасып,
Қос ғашық үнсіз жылады.
Сезімде алау, жан майдан,
Қан шықты қара таңдайдан.
«Көкетай көкем кеш» – деді,
Асалы сүйіп маңдайдан.
Бозторғай ұшты боз құмнан,
Солқылдап жатқан сор құмнан.
Жанарын тіліп аққан жас,
Жастардың бетін жол қылған.
Топ етті міне тор келіп,
Сорғалап көктен сор келіп.
Көргенін айтып əлі жүр,
Бозторғай деген бор кемік.
Мұңдықты кімдер қорғайды,
Мыш қылды екі торғайды.
«Асалы қалсын тимең» – деп,
Көкетай көкке қол жайды.
Қол жайған менен бола ма,
Қыл арқан түсті орама.
Таусылған жері дəмінің,
Тəңірім айдап сол ара.
Жаныңа аспан төр енді,
Жан созып көкте көр енді.
Тұяғын серпіп ақ киік,
Тұп-тура көкке жөнелді.
Қуғыншы шулап қызынған,
Қу тағдыр солай сызылған.
Сыңарын өзі таңдаған,
Аққудың төсі қызыл қан.
Қапыда ғашық ұсталды,
Қайырсыз мекен, тұс қалды.
Асалы жаққа бір қарап,
Көкетай көлден ұшқанды.
Өкіріп бұлттар өксінді,
Найзағай тулап тепсінді.
Ғаламның төсі жаңғырып,
Ғасыр сап маған естілді.
Көкетай өлді сүңгіден,
Желкеден жетіп үңгіген.
Асалы аттан құлады
Таптап та өтті бір күрең.
Бақ тайған күні табаннан,
Басыңды көргін араннан.
Сүйгенде жүрек қан құсты,
Араша таппай адамнан.
Осы да болды жазар дəм,
Сардарды қара сазарған.
Байдың да бағын байғұс кеп,
Қорғауға құмар озалдан.
Сағақтан сынып көмілді,
Өшірді тұяқ өр үнді.
Асалы тартқан домбыра,
Қырықта жерден бөлінді.
Сындырып сүйек санатқан,
Шоқпар да тиді талақтан.
Қауырсын қанат əн ұшты,
Қан жоса болған шанақтан.
Байдың да қызы жайнаған,
Бұрымын белге байлаған.
Асалы кедей ақ сіңір,
«Аһ» ұрып іші қайнаған.
Есіл де жігіт ер еді,
Санасы сандық, зер еді.
Жарлылық жанын кемірген,
Өзегі өксік, шер еді.
Тауысып тағдыр шарасын,
Қан жапты көздің қарасын.
Ажалмен жіктеп айырған,
Бай менен жарлы арасын.
Дидары күннің арайы,
Алтын-ды көңіл сарайы.
Ғашықтық дерті дауасыз –
Кебінсіз өлген талайы.
Не таптың сəйкі, сері боп,
Талабың қайтты кері боп.
Ғашықта болған жандардың,
Армансыз өлген жері жоқ.
Өлген соң əруақ – құс аппақ,
Қайтеміз енді ұсақтап.
Асалы менен Көкетай,
Қойтасты жатыр құшақтап.
Осылай дейді зарлы құм,
Көзіне іркіп бар мұңын.
Кінəлі болса қос жүрек,
Хақ білер оның барлығын.
Жанына ғашық гүл еккен,
Жан салып оны күзеткен.
Өлімнің өзі қорқады –
Сүйе де білген жүректен.
Кемерден асып толасың,
Кемсініп сосын соласың.
Қызғалдақ өсіп жалғап тұр,
Екі де ғашық моласын.
Айтады самал налып жыр,
Өмірге көңіл қалып жүр.
Жұбын да жазбай бозторғай,
Жұбатып əнге салып жүр.
Көңілің жүрсе шын налып,
Қайталық қырға бір барып.
Қос ғашық жайлы бозторғай,
Жыр айтсын үнсіз тыңдалық.
Ғашық та жаннан ту қалған,
Түбінде тудың
у қалған.
Əділ де болған жерің жоқ,
Қасқа да болған қу жалған.
Көз жасын сансыз қылғыттың,
Жығылсаң басар жылжып түн.
Жүрегін таптап келесің –
Əділдік пенен шындықтың.
Сағы да сынып сан жылап,
Сығады көзін таң бұлап.
Маңғыстау деген түбектен,
Қос ғашық өткен қан жылап.
Дерттеніп мезгіл тоқтап тұр.
(Серт беріп мылтық оқтап тұр)
Аспантай-Матай, Жем-Сағыз,
Ботасын боздап жоқтап тұр.
Қайғыңа далам қанықпын,
Қаралы қанша табытпын.
Өлтіріп алып жоқтайтын,
Өпірім неткен халықпын.
* * *
Көктем кетті көңілімде жыр қалды,
Сағынышпын бір мəңгі.
Көктеміне көкте құстар қош айтып,
Аспан асты сұрланды.
Көктем өтті көркем екен білмеппін,
Жатып қалды бұлт шекпенін ілгеп түн.
Сұлу еді, сыршыл еді, қылықты,
Өткізіп ап іздеппін.
Көктем өтті, есейіпті төл мүлде,
Бұйырады жаз өткен соң төр күзге.
Қайран көктем, қайран менің жас күнім,
Неге айтпай кетіп қалдың сен бізге!?
* * *
Жасыл жібек жамылған ба орманым,
Сапар шектім, жолдамын.
Бебеу тілі безілдейді құстардың,
Қимасыңыз сонда кім?!
Мені қимай жатырсың ба неткен бақ,
Қабырғамды сөккен жат.
Болашақтан тəж кигізді Тəңірім,
Өксігі мол өткенді ап.





Пікір жазу