09.05.2022
  159


Автор: Сабыр Адай

Өлесің ғой балапаны қасқаның

Жел ұлиды жер мен көктен түңіліп,
Жаңғырады ескі жұрттан ұлы жұт.
Бір қария көзін сүртті кемсеңдеп,
Үні шықпай құмығып.
Таралғысын тартып көріп ғұмырдың,
Маңдайыма қамшыменен бір ұрдым.
Жетім көңіл жесір бұлақ сыңсыған,
Желідегі құлынмын.
Жанарымнан жанның мұңын көрдің бе?
Керегі жоқ алтын тақ пен төр мүлде.
Тағы бір күн басын салды батысқа,
Шыныменен сөндің бе!?
Жапырақтар жармасады ағалап,
Ақ қайың тұр қос бұрымын тарап ап.
Қайран өмір тоз-тоз болған көп үміт,
Бірін-бірі қаралап.
Босағасын боз күндердің аттадық,
Қайталадық, қара өлеңді жаттадық.
Жүрек байғұс адал еді, ақ еді,
Алдық, міне, басқа ғып.
Ақ параққа ноқат болып сызылдым,
Өшіреді өрт сезімнің ізін кім?!..
Уыз едім уылжыған бір кезде,
У-ға айналып бұзылдым.
У дарыған өлеңімнен татпағын,
Өлесің ғой балапаны қасқаның.
Тарлық етіп бара жатыр соңғы кез,
Қара жер мен аспаным.
Осы екен ғой,
Өмір атты сұр қамал,
Қанып ішпей,
Қаталадық нұрдан ал.
Жанып-күйіп сексеуілдің шоғындай,
Күлім қалды құрғап ал.
Желмен бірге бұрқыраған күл едік,
Күл ішінде күлген болып жүрелік.
Сайғақты сай, моласынан бағзының
Көр қарайды түнеріп.
* * *
Жасыл құрақ жамылып ап жағалы,
Өзен толқып ағады.
Өз бағыты сол баяғы арнасы,
Жақындасаң жанға моншақ тағады.
Сыңғыр-сыңғыр күлкісінде тəттілік,
Мөлдірейді көздеріне бақ тұнып.
Сақтап қалған сара жолдан айнымай,
Ағып жатыр талды тербеп, тасты үгіп.
Толқындардың еріндері үлпілдеп,
Сүйіп алар мұнда қайдан жүрсіз деп.
Өзендерге өз еркімді бере сап,
Құшағына қойып кетем үнсіз кеп.





Пікір жазу