Тау болу деген
Қабырғасын кескілеп қалжа қылған мың ғасыр,
Қыран шертер шыңға сыр.
Шырқыраған тау көрдім келеді көкке кеткісі,
Бұйдасын бермес бұл да сыр.
Əдіра қалғыр тірліктің тау көрген білем қорлығын,
Жылауын қара сорлының.
Жарықтық қайтсін көп тұрды жасыннан сайлап қанжарын,
Жан пида болмақ ол бүгін.
Тау болу деген оңай ма, етегің ел де, төбең бұлт.
Төзімді өтер көген қып.
Алатау – анау ақ самай, Қаратау – мынау қайғылы,
Көргенін жатыр өлең ғып.
* * *
Ауыл қайда ақ көңілі нұрланған,
Күлкісінен бау мен бақша бүр жарған.
Сен оны да жермен жексен қылдың ба
Əділетсіз сұм жалған.
Көген қайда қозыларым байланған,
Уыз еміп ұрты ақ пен майланған.
Тəуелсіздік алды дейді біреулер
Көрдіңіздер қай маңнан?!..
Бота қайда желідегі үлпілдек,
Күбі қайда шұбат толы күрпілдек.
Қазағымның көңіліндей далам-ау
Құлазиды біртіндеп.
Қайтем енді көп қатырып басты кеп,
Өксігіммен кеміремін тасты жеп.
Қурай жастап қу төбеде қалғимын
Сырласуға жақсы деп.
* * *
Шағыл кешіп бара жатыр сорлы күн,
Кімге айтады,
Кім байқады қорлығын.
Жылай-жылай жылға асып кетпекші
Ол бүгін.
Айдан қайғы,
Күннен қайғы жер талақ,
Қыдыр күтіп, қылмайды енді, ер талап.
Жаназасын шығарайық бір күннің
Шер жалап.
Ноқталы бас көнер-көнбес байлаулы,
Кімдер əділ шешіп жатыр қай дауды.
Бұлбұл көңіл бұрынғыдай қойыпты
Сайрауды.
Ақ шағылдың ақ самайы күмістен,
Əрең-əрең əлін жимақ тыныспен.
Кенезесі кеуіп өлді жолаушы
Шығып еді бір іспен.