Біздің құстар
Мен ердім,
Құс атарым жақтырмады.
(Ақынды аңшыменен тап қылғаны)
Кесек боп маған тиіп жатыр əне,
Үркітіп қырғауылға лақтырғаны.
Аядым дегелегін, бөденесін.
Құл мезгіл құсшы даттап не демесін.
Қонысын сайдан сайлап өңкей мерген,
Қосынның жайып қойған керегесін.
Көлден қаз
Көңілден саз жымға қашты,
Көл көзін көрмейін деп тырнап ашты.
Топ торғай тонын киіп,
Əлін жиып,
Тасалап тал біткенді зырлап асты.
Шөл дала,
Анау тұста айдыны бар.
Болармыз құс біткенге қай күні зар!?
Ұлт едім ұя басқан аққулар кеп,
Бұл күнде айдынға да қайғы құмар.
Бір-бірін тасалайды шіл мен шілік,
Болады қатер содан, кімнен күдік.
Не дейсің иесіз ел,
Киесіз көл,
Кеткесін тілден тінің, ділден ғұрып.
Есемнің есебі жоқ, құны қараң,
Өңкей жат құрып алған ұлы қаған.
Құстардың түймешедей жүрегі айтты,
Мергеннің қазанынан мұны маған.
Мені де сыйлаған боп бауырсыды,
Ұйқыда...Белгілі ғой ауыл сыры.
Мергендер кетті ертесі елдеріне,
Ал, маған, қалды құстың қауырсыны