09.05.2022
  124


Автор: Сабыр Адай

Іздер

Сұлусиды судан өзін тал қарап,
Сыңғыр-сыңғыр су күледі алдамақ.
Кəрі ағаштың кеңірдегі сорайып,
Күреңітті күнге біткен аңғалақ.
Селдірейді жапырақтар біртіндеп,
Жұлып алған кім күндеп?.. Өсіп еді үлпілдеп.
Анау жолы
Отап шықты бəрінде,
Сасық теке діңкілдеп.
Көк күледі күншіл неме шіркін деп.
Жел жеңешем жолаушыны жүр тілдеп.
Аспан көзін
Шел қаптапты қызарып,
Батар күннің бұғақтары іркілдеп.
Арпалыстық,
Арман қуып алдандық,
Енді соған отыр менің күлкім кеп.
Сайқал самал
Қолтығымнан түртеді,
«Тұр!.. Тұр!..» – деп.
Барсыңыз ба жалғаншыда сіз деді,
Көшкен бұлттар жоқпыз мəңгі біз деді.
Қарғыс атқан дүниенің көзінде
Жоқ пен бардың сайрап жатыр іздері.





Пікір жазу