Соттаймын
Мөлдіретіп жыр жазғанды қаладың,
Өмір анау, қара балшық нала-мұң.
Безілдейді қоңырауы қор күннің,
Бермесіне қолын салып сананың
Тартып алды бар құны мен құнарын,
Құлақ кесті құлға айналды Тұраным!
Сайқымазақ саясаттың құрбаны,
Тəй-тəй басып, бір Алла – деп құладым.
Көз жасыммен жүрегімді көп шайдым,
Қу күнімді қуырады оттай мұң.
Шемен-шермен шоққа басып кеудемді,
Өзімді-өзім соттаймын.
* * *
Тау жамылды қара бұлтты қалқалап,
Күй күмілжіп, болды сосын əн талақ.
Тар төсекке төсін басып жылады,
Жатқан ару шалқалап.
Ай жеңгесі төс түймесін ілгеді,
Бикешім-ай бұл да бақыт біл деді.
Тор ішінде екі торғай сүйісті,
Иелеп ап іргені .
(...Ғашықтардың білгені мен білмегі)
* * *
Алда мені, тағы аз күн алдағын,
Болса тағы алмағың!?
Үміт еткен қандай жақсы тірлікте,
Армандайық, кел ендеше, ал, жаным!
Мынау ғалам сенің тұтас арманың,
Шарықтағын, шарлағын.
Саған ортақ қара жер мен көк аспан,
Хақтан ізде бар мəнін.
Ақ жанымның азығы сол, Арманым!
* * *
Есенбісің ерке бұлақ сайдағы,
Құрақтардың қайда əні?
Құдайым-ау көрінбейді үкілі
Сыбызғылы, кер қамыстың айдары.
Есенбісің жалғыз ағаш жетімек,
Сені қимай кетіп ек.
Қабығыңнан бір қара бас құрт көрдім
Қабырғаңыз тұрған білем сетінеп.
* * *
Қай халықтың Құдай сүйсе қылығын,
Көп қылады білімін.
Кеудесіне шырақ жағып иманнан,
Тыныштығын күзетеді Ұлығым!
Ой кезеді орман сынды ұлдары,
Ашылады жыр бағы.
Мойынына бақыт келіп асылар,
Дүниенің құшақ жайып сырлары.
Аппақ уыз, аппақ арман адалым.
Иесі бол уақыт пенен жаңаның.
Өткеніңе арқа сүйеп алға бас,
Білім – Хақтан, қарағым!