09.05.2022
321
Көбелектер шам түбінен тарайды
Ал, айтпадым көргенімді жарайды.
Нұсқамадым алтын күмбез сарайды.
Түн көзінен
Ірің аққан көшеде,
Көбелектер шам түбінен тарайды.
Етегінде елдің ары былғанған,
Бикеш-тағдыр билігі жоқ шырғалдаң.
Қолтығында тұмсықтының тулайды,
Жем іздеген торғайдай боп қырманнан.
Көбелек-күз,
Ебелек-қыз намысым.
Жаратылған жан періштем жар үшін.
Құрсағыңды құрт жеп жатыр көрдің бе,
Қайда əлгі, «Самұрық пен Барысым!?.»
Қазақстан етегіңе ие бол,
Құрсағыңа кірін жақпақ, күйе қол.
Адал бақан ақ төріңнен құламақ,
Жүгір-жүгір, жұмыл-жұмыл сүйе бол!
Ағалаған, жағалаған елігім,
Күннен көрік, гүлден жерік ерінің.
Өз төріңде жауға төсек болдың ба,
Келімсектің керімін!..
...Елігім, елігім!
Елің менен қоса шайнап тастапты,
Қансырап тұр ерінің