09.05.2022
  170


Автор: Сабыр Адай

Дәурен-ай

Қар басты кенет шаңдақты,
Қар жамылып тал жатты.
Таң ата тағы бұршақтап
Шайнады бағбан бармақты.
Кеудемді кетті сыз алып,
Қарайды шың мен құз арып.
Қан құсып өлген гүлдердің
Қауызы жатыр қызарып.
Астан да-кестен не бүлік?..
Қыз көктем қашты шегініп.
Кəрі қыс басын көтермек
Кəрі айғыр сынды тебініп.
Өлгісі келмей кəрі қыс,
Көрсетпек бізге тағы күш.
Дəурені өткен қасқаның
Бұл жолғы ісі жаңылыс.
Шыққысы келмей шыбын жан,
Көрсетті мінез қырыннан.
Шудасы аппақ қарт бура
Шыңғырып барып жығылған.
Жылымсып көзі жастанып,
Күн шықты көктем басталып.
Қарымен қосып бір қысты
Ауладан күреп тастадық.





Пікір жазу