Ай салып берсін сырғасын
Өзіңді сүйген жандардың жазығы қандай бар еді,
Төгілген жас пен зар еді.
Ол сені сүйді жанымен,
Жанында не мін бар еді.
Төгілген қайғы зар еді, қаңтарда жауған қар еді.
Қарғам да не мін бар еді!?
Ақынға ғана зар еді, айтпағы оның бар еді.
Тал бойы тұнған ар еді.
Сен мені сүйдің тұнжырап, жанарың менен жаныңмен,
Өзегің өрт, жалын дем.
Əлдилеп жүрдің əніңмен,
Сəулелі шуақ сəніңмен.
Жаныңмен сүйдің жалын дем,
Жайнаған гүлдей шағыңмен,
Сонан соң кеттің көп жылап,
Көрінбей мəңгі сағыммен.
Жаныңды өртеп күйдірген, ортайған болар жалын дем,
Біргемін ару бəріңмен.
Аспаным куə, дастаным,
Өзіңдей сүйді басқа кім!?
Аспаным куə, дастаным,
Жырымды қанша жастадың,
Тамшылап сіңді тасқа мұң.
Көңілің көшті мұнар боп, өмірің өшті құмар боп,
Ернімнің табын сақтадың.
Аспаным куə, дастаным,
Өзіңдей сүйді басқа кім!?
Басқаның бəрін тастадым.
Ауысты бізден сан құшақ, бəрінде кетті бір жүрек,
Сегізде қырлы сырлы деп,
Сұлулар сүйер ұл-ды деп,
Сыр шерткен бізге мұңды көп.
Жыр жүрек қайтем мен сені, мерейі асқақ ерке еді,
Еркемнің сөзі зер тегі.
Зерліні сүйер ер тегі.
Еркелеп тағы келсе еді.
Қауызын ашқан гүлдей боп, ерінін үнсіз берсе еді.
Аттанған біздің құшақтан арулар өкпе қылмасын,
Тақпасын жыр мен сырға сын.
Сырласын көздің жасымен,
Содан соң үнсіз жырласын,
Кеудесін тіліп жыр жасын,
Керімсал көңіл тыңдасын,
Тыңдасын жүрек, жырласын, иелеп асқар шың басын,
Құз болып бойын ырғасын.
Ай салып берсін сырғасын,
Мен болып жаным сол бір сəт, күн келіп құшып тұрмасын.
Жырымды үнсіз тыңдасын!..
Самсаған ару көп жұлдыз – бəріңді сүйді бір басым.
Көңілдің бұлтын серпіген,
Өртеген бізді өртімен,
Найзағай тектес жыр жасын.
* * *
Өмірді жатыр күзеп күн.
Күзеулі күнді күзеткін.
Жыр болып ақты жылғасы
Мендегі шексіз ізеттің.
Мейірім менен игілік,
Шертермін сені күй қылып.
Өмір бер маған осылай
Ерніңнен өлең сүйдіріп.
* * *
Ай ару күледі алыстан,
Күн менен күміс табысқан.
Жұлдызды ноқат түнгі аспан,
Аумайды теңбіл барыстан.
Түн сұлу шашын тарап тұр,
Күнге бір бойын балап тұр.
Жеті бірдей қарақшы
Желкемнен төніп қарап тұр.
Сезімнің оттай əлегі,
Серттескен жанға нəр еді.
Тау біткен мойын созып тұр
Күн менен айдан дəмелі.