09.05.2022
172
Доп пен допшы
Күштіге елім таланба,
Айдамай түсіп аранға.
Алпауыт пенен аз ұлттай –
Доп пенен допшы алаңда.
Доп байғұс кетер домалап,
Көргенде көзге обал-ақ.
Алпауыт айқай салдырар
Көп тобырды қоралап.
Мысал ғой енді жəй ғана,
Дегенмен ойлан, əй бала!..
Доп өледі тепкіден,
Допшыға мадақ қайда да.
* * *
Қарайды теңіз телмеңдеп,
Теперіш көрген елден көп.
Қашады толқын жақындап,
Жан ұлына сенген жоқ.
Үркітіп бəрін тастаған,
Тауларды бүктеп жастаған,
Қанағатсыз қалың жұрт,
Алудан ойы аспаған.
Тісінің ізі ақтаңдақ,
Тілгілеп жерді ақпар жат.
Сананың көзі байлаулы,
Кеткендей ауып бастан бақ.
Жарып бір тастап қарынын,
Заманның қара нарығын.
Жағадан толқын қашады,
Кім естір оның зар үнін.