09.05.2022
  187


Автор: Сабыр Адай

Алғыс хат

Мен айықтым,
Жазылдым да, аттадым.
Жаным Алла бұл жолы да сақтадың.
Өлең болды сол күндердің ермегі,
Өткендердің өсиетін жаттадым.
Сабыр қылдым, шыдамменен таң атты,
Жез қоңырау сыңғыратып сағатты.
Бар Пайғамбар, Əулие – Пір, Періштем,
Қыдыр дарып бойға қуат таратты.
Түс көремін тауда жүрем, шыңдарда.
(Құс боп қондым алтын алқап, қырманға.)
Бір ғаламат өмір барын сезінгем,
Жанға шипа жарық күндей жыр барда.
Жан бауырым, туыс-тума, отбасым,
Тақпай шапты тарлық пенен жоққа сын.
Ақ тілегін орап алып жетеді,
Мен деп кілең жүректері соққасын.
Жолдас-жора тілек тілеп, ерледі.
(Дұға қылды дертке мені бермеді)
Айтқызбай-ақ қысқа қолды ұзартып,
Тілегімен, жүрегімен емдеді.
Бұл тірлікте сүріну көп, сүргін көп,
Барлығыңа бақыт тілеп жүрмін көп.
Уақыт мені қолдан тартып тұрғызды,
Сендер болып бір күн кеп.
Жыр жазамын бүгін тағы жаңаша.
Таңмен бірге таласа.
Сол Алғысты айттым, міне, Сендерге,
Көкте Тəңір қандай сөзді қаласа.
* * *
Бір бозторғай сайрап отыр сахардан,
Баршамыздан бақытты.
Кеше байғұс ажалына қақалған,
Бүгін қайда асықты.
Боз қанатын күміс таңға таратып,
Өз бақытын толғады.
Болмағандай, көрмегендей қара түк,
Торғай-тірлік сол-дағы.
Əн бесіктен жан маужырап тыныстар,
Сайран көңіл құбылды.
Сахарда бір сарқылмайтын ырыс бар,
Сүйдім мен де ұлымды.
Жырла торғай, таң-сахардың баяны,
Жыр жаттаған жұмақтан.
Сенің əнің гүлзар бақтан саялы,
Ес тандырып құлатқан.
* * *
Кім күтпейді
Атар таңнан жақсылық,
Қара көздің үсті күдік, асты үміт.
Ару отыр
Терезеге үңіліп,
Жанарына жас тұнып.
Кім күтпейді
Атқан таңнан бір ырыс,
Өмір деген мың құпия бұрылыс.
Бізді өмірге
Əкелген де бір Алла,
Тағдырыңа мөр басқан да ұлы күш.
Кім күтпейді
Таңнан үміт, мұратын,
Қолын жайсын Хақтан бақыт сұрасын.
Бір қайғының –
Бір шаттығы болар да,
Тиме, Аруға: Тəңіріне жыласын!..





Пікір жазу