09.05.2022
  109


Автор: Сабыр Адай

Шақпақты

Қанжар тас сойып түсер қылпылдаған,
Жүздері күміс сынды жылтылдаған.
Маңдай жоқ соғылмаған сонау тауға,
Табан жоқ тілінбеген мынау тасқа,
Еңкейіп
Есі кетіп қалыпты əне,
Айғыр топ жаңа ғана жырқылдаған.
1 Шақпақты – Əулие, жер атауы.
* * *
Пышақтарын қайрап алған күншілдер,
Қайда, қалай жүргендігін білсін дер.
Алаламай алты алашты сүйейін,
Жаным Алла, жақсылықтың кілтін бер.
Жау үшін де
Көп қызмет жасап жүр,
...Құзғын тектес, Шіркіндер!
* * *
Ер көңілін жабырқатып, жасытқан,
Мынау өмір неткен ағыс, асыққан.
Ай шыңғырып
Түн ауғасын жылады,
Ақ төсінен басып таң.
Сұлу күннің көз алдамақ көрігі,
Өз Отаным, төр-Ұлы!
Сұлу көрсе сұқты көзін қадаған,
Сері шалдың жерде жатыр бөрігі.
Талдың белін жел қысады жеміріп,
Тал бұлқынды жерініп.
Уақыт деген – тоқал ешкі зар қылды,
Сол бір сəтке ерке талды кеміріп.
* * *
Жырым менің қорған болды Тəңірлік,
Жалын берді əмір ғып.
Өлген артық ұлы майдан күресте,
Ардың туын тəлім ғып.
Тұр қарғашым, жеңілмегін таң атты,
Мұңнан басың азат-ты.
Сыны кетіп қалама деп қорқамын,
Сынай-сынай қазақты!..





Пікір жазу