09.05.2022
137
Іздегім келмей тұрғаным
Іздемей кеттің сен мені, сергелдең қылып құлаттың,
Жазылмай қалған жырымсың, жағылмай қалған шырақсың.
Осылай қалқам, осылай,
Қайғыңды жыла, қосып-ай,
Табытқа салып өлтіріп тағы бір күнді ұзаттым.
Жорытқан біз бір бөріміз, жолымда қалған құрбаным,
Іздемей кеттің дегенім, іздегім келмей тұрғаным.
Көкбөрі көрсең көлденең,
От кешіп жүріп өлмеген,
Сен мені еске алғайсың, көкке бір ұлып тұр жаным.
* * *
Сіміріп айдың сəулесін,
Түн кезіп жүріп жұтқанмын.
Тағдырдың тəлкек əуресін,
Тəу етіп жүріп ұққанмын.
Шабыттың керіп желкенін,
Желіккен күндер қалған-ды.
Өткенім менің ертегім,
Өлшеусіз биік арман-ды.
Қан-жоса болған жорықпын,
Көкбөрі тектес ғапылмын.
Шулаған иттен торықтым,
Арыстан көрсем атылдым.