Өз далаңның жұпары
Шерқала бойы самал-ды,
Қайнарлы бұлақ, бақ алды.
Сонау жерде Тұқаң тұр,
Ақ уыз дəмі адал-ды.
Қызыл қала қырлан-ды,
Қыр астында жыр қалды.
Далап жағып батар күн,
Күміс пен таңы сырланды.
Ақтылы қойы бұландай,
Ай серкесі құландай.
Ақ шілтер бұлттан ай қарап,
Жанарын бізден тұр алмай.
Кірпікке жұлдыз қададық,
Кіршіксіз түнге қарадық.
Əңгіме шертті əділ қарт,
Біз тыңдауға жарадық.
Құс жолымен қалықтап,
Қаздар ұшты қалып бақ.
Қырықтың бірі қыдыр деп,
Ағамыз жатыр алып қап.
Аумаған екен құт əлі,
Ұшқыннан өлең тұтады.
Жұмақтан білсең кем бе еді,
Өз далаңның жұпары.
Сергідік семсер ілгендей,
Абызға келдік білгендей.
Туған ел тұтас ауылым,
Сүйеді сені кім мендей!
* * *
Кежегесі кертіп қойған тас сынды,
Не сұмдықты көрген сірə бас сынды.
Бастан құлақ садақа боп кеткен бе,
Құлақсыз-ақ осы күнге жеткен бе?.
Төбесінен шандақтапты шаршылап,
Мынау тегі көптен бері бар шырақ.
Тілінің де айыр екен ұштары,
Тым ерсілеу дем алғаны, жұтқаны.
Шағыстырып бірді-бірге тырқыды,
Қара есекке жүк болғандай қырсығы.
Шайтан шалыс
Бəле сынды кеспірі,
Елестетті қой ішінде ешкіні.
* * *
Кəрі де түйе бақырып,
Иесін жатыр шақырып.
Жел-құздан бойы сыздаған,
Қара шал шықты қақырып.
Жас бура шайнап желкесін,
Пышаққа түсті ертесін.
Қаймалша біткен көз тіккен,
Келенің сойды серкесін.
Жүзінде шалдың кек тұрды,
Бураны солай жеп тынды.
«Кəрі түйе мал құты» –
Тимеңдер оған деп тұрды.
Кəріні кəрі ұғынды,
Түйеге бура ұрынды.
Асқанға тосқан тап болып,
Бураға ажал бұрылды.
Толтырып жанды дəмеге,
Жарамақ болып қадеге,
Жазықсыз жанға ұрынған,
Кез болды бура бəлеге.
* * *
Атаның жолы ақ мұра,
Иманды ұлға мирас-ты
Жаманға мұра жат сірə,
Елжанды ермен сыйласқын.
Ат тұлдаған ерлердің,
Қайғысын шегіп күзенген.
Құтылар қайғы шерден кім,
Келесің кешіп тізеңмен.
Ұлт болмағың салтыңнан,
Ата көрген оқ жонар.
Ата бір жолдан тартынған,
Алты алашқа сор болар.
* * *
Дəм ауыз тидік өлеңнен,
Сөз атасы Майқы би.
Өлеңмен бəсі төленген –
Көгі де күміс алтын үй.
Алтын-ды ордам, жібектім,
Дауылдан қанша шайқалдың.
Сүйегіңді күзеттім,
Оны кімге айтармын.
Дауылдан қалған дабылмын,
Дəуірден қалған ұранмын.
Бастауы сенсің бағымның,
Бауырға басып құлармын.
Тынысы қалған бабамның,
Мың ісін жалғап анамның.
Ескіріп бірге жаңардым,
Жаныма салып алармын.
Ырзалық қылдық ырысқа,
Өлеңмен самғап өрледік.
Тəу етіп аз күн тынысқа,
Алқалы топта төрледік.
Сөз сөйледік бал қатып,
Түсінген жанға шырын-ды.
Жүрекке уыз əн қатып,
Ұсындым ұлтқа жырымды.
Халқыммен бірге гүлдендім,
Қаралы тұста қамықтым.
Артық та дейсің кімнен кім,
Ер болса елін танытсын.
* * *
Көрікті еді бұл дала,
Көргенде пенде шаттанған.
Гүл көрдім енді бір ғана,
Өткенге өксіп ақталған.
Құнысып байғұс зірледі,
Жазықты болып жандыға.
Тағдырын жалғыз тілдеді,
Көз салар жан жоқ зарлыға.
Ит сарыды үстіне,
Мысық аунап кеткен-ді.
Қор болған жерім тістіге,
Жылаумен ғана шектелді.
Гүл тамырын жел қырқып,
Ұшырды дауыл шалғайға.
Гүл іздеп жүрді ел тырқып,
Даланы қорғап қалмай ма!?...
Есеппен келіп еліме,
Қадамын сұрап баспай ма!
Кім білген əлі сені де,
Жеміріп жерге жастай ма!?
Табанды қара қаралы,
Өкшені қара қадалған.
Ол қашан елге санады,
Ата бір дұшпан жан алған.
Күлте бұтақ жыңғылдар,
Шаң қауып үнсіз қақалды.
Жерімді жемсеп кіл мұндар,
Жағамнан менің жат алды