Көлеңкенің көрден суық пиғылы
Тамыр сатты талдың бойын суалтып,
Жау біткенді қуантып.
Жапырақтар сатып кетті бұтақты,
Жел қанатын тұсапты.
Бұлттар сатты тау шыңдарын талақ қып,
Қырттар сатты адал ерді мазақ қып.
Көктем сатты жазға қарай емініп,
Көк бел сатты гүл қауызы төгіліп.
Жаз да сатты күз қолтығын өріс қып,
Анау сатты сылтау іздеп керіс қып.
Жан ауыртып сенген жандар ойнады,
Мынау бұлдап жолдастығын қоймады.
Себеп тауып бір сатуды ойлады,
Сырық бойы сұм ниетке бойлады.
Бірі келіп, бірі кетіп жатады,
Асыңды ішіп ту желкеңнен атады.
(Сыр айтысып, сосын жауға сатады)
Бұлдап көрмек өз бағасын кенеттен,
Талай надан бірге жүріп жер еткен.
Қызық шығар осынысы тірліктің,
Мен болмасам берер енді жыр ғып кім?!
Бəрін көрдік, бəріне де шыдадық,
Əлсіресең досты кетер жын алып.
Тең сөйлессең бір мəміле құрмайтын,
Надандар көп нар көңілін ұрмайтын.
Бір күн бірге жүргендігін бұлдайтын.
Көп алдында көк тиынға тұрмайтын.
Жау жағадан, ит етектен алғанда,
Көлеңкеге сене көрме жалғанда.
Көлеңкенің көрден суық пиғылы,
Бұл да енді Хақтың сынақ, бұйрығы.
* * *
Ұл туған екен қолдасын,
Қолдай да білу ол да сын.
Сырыңды бермес дұшпанға,
Сыйласық болсын жолдасың.
«Демегін қазған көрі жоқ,
Жар астында бөрі жоқ»
Сыйласығы жоқ елдің,
Босаға менен төрі жоқ.
Əркімдер келіп басынар,
Қотырын сүйкеп қасынар.
Елде ойласа сыйлассын,
Еңкейген қарт пен жасы бар.
* * *
Тамыры шіріп тал құлап,
Аядым үнсіз жан жылап.
Еңкілдеп үнсіз өксіді,
Етекте аққан бал бұлақ.
Шіріді неден тамыры,
Таусылды өмір жарығы.
Отын да қылып отады,
Жабылып елдің бар ұлы.
Бар еді жаңа жоқ болды,
Аз ғана жанып шоқ болды.
Сүйегін күйсеп кер ошақ,
Керелеп жұтып тоқ болды.
Күл қылып сосын шығарды,
Талсыз да қалды қыр əлгі.
Тағы да соқты сұрша жел,
Қайталап айтып бір əнді.
Ендігі кезек кімдікі,
Талдардың кетіп тұр құты.
Қыдырдың орны босаға,
Қырсықтың төрде бір бұты.
Ауады екен бақ бұлай,
Ерлерге керек сақтық-ай.
Қыдырды шығар төріме,
Мырза да Құдай, Ақ Құдай?!..
* * *
Ақ қанатым, ақ періштем, ақ гүлім,
Сен бар жерде сағыныш пен тəтті мұң.
Сағым болып кеттің көшіп тұрмадың,
Тұрлаусыз бақ көзден көрік ұрладың.
Бар сұлулық кетті саған бұрылып,
Ескі жұрттай біздің көңіл ұлы жұт.
Дұрыс болды кеткеніңіз, шалғайға,
Татпайтын бал неге керек таңдайға.
* * *
Шағаласы қарқылдап,
Бақа біткен барқылдап,
Жалаңаш жалпы қу надан,
Күледі суда тарқылдап.
Бақаның тойы батпағы,
Батпаққа батып жатқаны.
Шағала жемшіл, ал надан,
Белгісіз нені тапқаны.
Аққулар ұшты түңіліп,
Үркітті ит-құс шұбырып.
Бақаға барып бас иді,
Надандық деген ұлы жұт.
Киесі кетті айдынның,
Бақаны сонша бай қылдың.
Наданның жүзі шат-шəлкей,
Қадірін білдік қай күннің?!
* * *
Жүрегіңе сыбырласа періште,
Құдай бар ғой шығармағын теріске.
Жақсылыққа жаның толсын жалғанда,
Жамандармен уəде байлап келіспе.
Жаман қайдан бағаласын сертіңді,
Алып бітер аяр неме еркіңді.
Сау күніңде саудаға сап сатады,
Қайтеді ол қайғы мұң мен дертіңді.
Жүрек досың тыңда оның дегенін,
Біледі ол жанға ненің керегін.
Бір Алладан пəрмен алған періштем,
Сен сыбырла саған ғана сенемін.
* * *
Кеше солай, бүгін, міне, қайталау,
Ең қызығы байқамау.
Өтті күнің өтсін мейлі тұрмасын,
Əкел бері, бал шараптың тұнбасын.
Өтсін сосын, көңіл оты шалқысын,
Фəни жалған, арты шын.
Шын өмірден дəм татармыз шырынды,
Бұл өмірден жүрек шошып тығылды.