Бір жұмбақ
Омыртқа бойлап ор қазған,
Шеміршек бойлап шер қазған,
Шыңырауға түскен шалдардың,
Шырағын ұстап қалғанмын.
Бауырға бойлап наз қылған,
Жүрекке бойлап жаздырған,
Өзегі өрт арманға,
Өлеңнен шеген салғанмын.
Жеті қат көктен күн алған,
Жеті қат жерден құн алған,
Маңғыстау деген бір жұмбақ –
Тамыры тылсым талданмын.
* * *
Шұбалаң құйрық шұбар күн,
Кіндігін кескін бұл əннің.
Сұлудың жүзін ашады,
Көзіне біткен мұнар-мұң.
Жаратқан Хаққа жалынып,
Сарғайсын мұңға салынып,
Жыласын кейде арулар
Шықтаған гүлдей малынып.
Жылатып келер бақ тегі,
Бұл өмір неткен қатты еді.
Жылай да білген арудың,
Күлгені қандай тəтті еді.
* * *
Адам да аңыз, Түлкі де аңыз, аң да аңыз,
Орға түсер тұсыңызды таңдаңыз.
Түлкі ісін құйрығымен ойлайды,
Қапияда қалмаңыз, Һəм, аңдаңыз!?
Түлкі ғой ол, тумысынан солай-ды,
Күліп тұрып тонайды,
Аузыменен алып берер ол айды.
Ақылынан адасқан жан болмаса,
Түлкіге кім жолайды.
Момақансып түлкілігін жасырған,
Сабақ алғын ғасырдан.
Өз құйрығын түлкі қымбат көреді,
Сенің анау басыңнан.
* * *
Гүл бақшаның жұпарындай аңқыған,
Айнымаған салтынан.
Мына сұлу қай халықтың құлыны,
Ақ сағым боп қалқыған.
Көздерінің жəудір қара тұнбасы,
Хан қызындай бір басы.
Пернеңізден кетті басып періште,
Жырла жүрек, жырлашы.
Көз қанбаған шөліркеген, шөлдеген,
Жалынмын мен сөнбеген.
Сақал мен мұрт ақыл айтып көргенмен,
Асау көңіл көнбеген.
* * *
Гүлдер жатыр бал арасын меншіктеп,
Шығарып тұр жаназасын көлшік көп.
Өзін-өзі отқа əкеліп тастады,
Өлең-жырдың шаранасы өршіп кеп.
Саған айтып көңіл сырын еліттім,
Маған айтты өмір шынын желіп күн.
Екі көзі боталаған өлең тұр,
Лағындай еліктің.
Маңыстайды маңыраған шерліміз,
Не айтамыз енді біз!?
Көңілімнің айнасынан үңіліп,
Кемсең қағып келді күз.
* * *
Ер жүрген жерде ез болар,
Заманға зауал тез болар.
Қанатын керген қасқа жыр,
Қай жерде ажал кез болар.
Қаңқылдап ұшып көліңнен,
Ойнайсың отпен, өліммен.
Шырғалға салар басыңды,
Шыңғыртып ұстап төріңнен.
Адымда сайын сорың бар,
Соны айтып жатқан қорым бар.
Əр төбенің астында,
Бір мергенге орын бар.
Қан жұққан қолда шайтан бар,
Бас тіккен ерлер байқаңдар.
Құл нəпсісін аздырған,
Дүние-машық сайқал бар.
* * *
Жан ақысын төлерсің,
Жан тозып барып өлерсің.
Қараның аппақ болғанын,
Ағарса көзің көрерсің.
Кеудеден шықса аманат,
Сонан соң енді жан азат.
Сонда да дұшпан табылып,
Артыңнан тұрар абалап.
Күрмеуі жырдың шешілсін,
Кіндігі сырдың кесілсін.
Күнəмыз бастан асады,
Бар Құдай өзі кешірсін.
* * *
Туыстығын бұлдаған,
Туғанға біткен ұл жаман.
Ел үшін сертке тұрмаған,
Атасы тексіз құл жаман.
Тоқпақтап жүріп тойлаған,
Қарынның қамын ойлаған,
Қанағатсыз хан жаман,
Қан сүліктей тоймаған.
Бағытсыз, бақсыз жол жаман,
Қаралы болса қол жаман.
Соныңда бəрін көргенмен,
Шарасыз болған сол жаман.
Осылай шалдар жырлаған,
Өртеңгір өлең жыр жаман.
Өзгерген жоқ ештеңе,
Зауалы бөлек бір заман.
* * *
Еркесің көңіл, еркесің.
Кемерден асты кер төсің.
Надандық пенен қызғаныш,
Ерлердің қиған желкесін.
Əр көңілде бір қанжар,
Қапыңды іздеп шырғалдар.
Армысың арыз-атасы,
Бірін де бірі қырғандар.
Көзінің кетіп шырымы,
Ездердің жаман ырымы.
Абай болсын алтынның,
Қолда қалған сынығы.
Құйрығын майлап құмарлап,
Алдыңа түсер ұрандап.
Екінің бірі сұғанақ,
Ақылмен қарап жүр аңдап!
* * *
Береке-ырыс шашылып,
Жараны жүрміз жасырып.
Ерлердің ісі біткен бе,
Ездердің бағы ашылып.
Білдірмей елді тартып ап,
Аждаһа жұтты жартылап.
Құзғынның салған əніне,
Құл біткен күліп шалқымақ.
* * *
Қайда барсаң қаңқу тірлік кезенген,
Айтпасаң да сезем мен.
Бетпақ күннің еріндері шүртиіп,
Бедеу құрсақ көкбет неме безерген.
Шапылдасып ниеттердің майданы,
Қан-қан болған айдары.
Қан жылаған қаракөзді тепкілеп,
Озбырлардың қолында жүр байрағы.
Күллі əлемнің талапайы даңғырап,
Ар-иманың қалды ұзақ.
Екі көзін дүниемен тығындап,
Ойлайтыны ақша болды жалғыз-ақ.