09.05.2022
  175


Автор: Сабыр Адай

Тұлпарлар ұмыт, тұғыр шат

Жараулы тұлпар жан көрік,
Жабыға қарар таң көріп.
Сұлу да баққан мін болмас,
Сұлы да шекер бал беріп.
Кермеге салар кербездеп,
Көрімдік сұрап жел кезбек.
Жақсыны көріп қалмаққа,
Жапырып солай ел кезбек.
Айдарын мақтар алтын деп,
Құйрығын мақтар күміс деп.
Шаппай-ақ берсін бəйгесін,
Ия бұл, солай, дұрыс – деп.
Тұлпардан қайғы, шер келді,
Кермеге жабы келген-ді.
Құлагер тағдыр қасқаның,
Сазайын жолда берген-ді.
Сымбатың көздің құрты деп,
Сіңірін тістеп сілкілеп,
Бəйгіден келді кіл жабы,
Дүйім де жұртқа дүркіреп.
Тұлпарды халық қаралап,
Білгенбіз дейді шамалап.
Тұлпарлар ұмыт, тұғыр шат,
Атағы кетті аралап.
Ақ-қарасын кім білмек,
Əлі күнге жүр күндеп.
Сеніп едік біз соған,
Селеу де құйрық құрғыр деп.
* * *
Сүйіншілеп таңның алтын нұрлысын,
Сен білесің жанның нарқын жыр құсым.
Күн секілді, гүл секілді жайқалған,
Ару қыздар қолтықтайды құрбысын.
Сонау тұста жігіт сымақ керілдек,
Ойлары жоқ оңайлықпен берілмек.
Ұшып келіп гүлге қонды көбелек,
Мынау енді маған тиіс ерін деп.
* * *
Сағыныштың көзін қара күлпілдек,
Жылағаны бір түн кеп.
Етек-жеңін ай паршалап лақтырды,
Ерке қыздың қара көзін сүртің деп.
Жігіт едім сауық пенен сайранды,
Сол бір түнгі жанарымда ай қалды.
Сағыныштың қандай тəтті көз жасы,
Ай аяды, біздің көңіл жайланды.





Пікір жазу