08.05.2022
  253


Автор: Сабыр Адай

Білерсің қалқам сол күні

Құлжаның алып мүйізін,
Қыранның тағып қанатын,
Шудалы мойын шұбар бұлт қай жаққа кетіп барасың!?
Таласың бітпей қара шың,
Жаныңның тұздап жарасын,
Ел менен жерге қош айтып есіңнен жылап танасың.
Көлденең шығып ірікпе,
Үдере көшіп үріксе,
Қансыраған бөрідей жарасын өзі жаласын.
Тал бойыңнан əл кетсе,
Таңдайыңнан нəр кетсе,
Білерсің қалқам сол күні көшкен де бұлттың бағасын.
1 Тіздеу – байлау, шідерлеу мағынасында.
* * *
Не болып кеткен саз-əнім?
Бұл да бір түрі жазаның.
Атасы менен келіні,
Ағасы менен қарындас,
Биші екен мына қазағың!?..
Жалаң күлкі, ырғыған,
Өкшелер өңкей сырғыған.
Иелеп алған жан сайын,
Ішектің бойын бір жылан.
Көйлегін шешіп бұлғады,
Айқайдан тамақ құрғады.
Қасқада болған қазақтың,
Күйі мен қашты жырлары.
Шабын тайдай тепсініп,
Ел болған түрім, ес біліп.
Жаңаның бітеу құлағы,
Есіктен қашты ескілік.
Шайнайтын бармақ кез болар,
Осының бəрін кеш біліп!...





Пікір жазу