08.05.2022
  152


Автор: Сабыр Адай

Неге керек тілін ұғып ғаламның

Жыр жазғанның көңілінде мұнар-жас,
Жырдан қашып жүре көргін ұлан жас.
Өзіңді-өзің отқа салып өртенбе.
Пəк жаныңды кеміреді кер жалған,
Жанып-күйіп жана беру неңді алған.
Өзіңді-өзің отқа салып өртенбе.
Керегі не тілін ұғып ғаламның,
Мұқтаж болмақ оның үшін саған кім?..
Өзіңді-өзің отқа салып өртенбе.
Сорың қалың жан екінсің жатпайтын,
Көңіліңе көшкен бұлтты сақтайтын.
Өзіңді-өзің отқа салып өртенбе.
Қаңбақсың ғой жел айдаса сырғыған,
Өз қағынан үркіп қашқан жыр құлан.
Өзіңді-өзің отқа салып өртенбе.
Қара жерден тұрақ таппай тұншығып,
Көк аспанға көп қарайсың құлшынып.
Өзіңді-өзің отқа салып өртенбе.
Жүрегіңді құрау-құрау жамаған,
Жамылады, жастанады бар адам.
Өзіңді-өзің отқа салып өртенбе.
Аппақ самай қара тірлік, қам тірлік,
Қайдағыдан көңіл қалып сарқылдық.
Өзіңді – өзің отқа салып өртенбе.
Əуезін-ай бал шығыстың жырдағы,
Жырлағым кеп, жылағым кеп тұр-дағы.
Өзіңді-өзің отқа салып өртенбе.
Қайдан қалам ұстап жүрсің қарағым,
Қарай-қарай қайғы ойлаумен барамын
Өзіңді-өзің отқа салып өртенбе.
Көңіліңнің запыранын көз құсып,
Ақ парақтан əріп теріп, сөз жұтып.
Өзіңді-өзің отқа салып өртенбе.
Өз басыңның бостандығын кеміріп,
Елестерден есің кетер жеңіліп.
Өзіңді-өзің отқа салып өртенбе.
Қайда кетіп бара жатсың қарғашым,
Құдай басқа ақындықты салмасын
Өзіңді-өзің отқа салып өртенбе.
Онсызда бұл жаһаннамның жалыны,
Бастан ауып басылмаған зарығы.
Өзіңді-өзің отқа салып өртенбе.
Өлеңсіз-ақ сүйе бергін ғаламды,
Жырдан іздеп жын қақты ма бағаңды.
Өзіңді-өзің отқа салып өртенбе.
* * *
Көзіңнен көктем бүр жарған,
Жүрсің бе есен нұрлы арман.
Ай болып қарап өткен күн,
Жұлдыз боп тамып тұр жалған.
Жалғанның жарық нұрлысы,
Көңілдің көркем бір құсы.
Мұқаңдар1 айтқан «Валеттей»,
Қасыңда жүрген кім кісі?!
Үнсіздік деген ұлылық,
Үмітсіз көңіл тұр ұлып.
Ерінін тістеп бір бейбақ,
Еріксіз кетті бұрылып.
Сағымға сіңді сарғайды,
Ұқтырды үнсіз бар жайды.
Көзіммен іштім елесін,
Көңілдің шөлі қанбайды.





Пікір жазу