08.05.2022
  171


Автор: Сабыр Адай

Бір көрініс

Шашын жайып қап-қара түн, қара түн,
Аш бүйірін аймен ілгеп таңатын.
Күн шықты ма күбір-күбір тіршілік,
Ұйқылы-ояу еппен демін алатын.
Шүкір қылып түннен таңға жеткенін,
Сүйретеді шаруа шалғы, кетпенін.
Шəкірт бала бетке алады амалсыз,
Көп жақтырмай «алтын ұя» мектебін.
Бітіп болмас ұстаздардың ақылы,
Қу тірліктің таусылмайды мəтіні.
Малды сабап айдап жатыр өріске,
Момын шалдың зəр-көгала қатыны.
Мосыдағы шəйнек қайнап түкірді,
Жанды-күйді түкірінді, ұтылды.
Сөйтіп жүріп түс ауды да кеш болды,
Түпсіз түнге тағы ауыл жұтылды.





Пікір жазу