08.05.2022
  151


Автор: Сабыр Адай

Білгенге айттық көп Баян

«Сəке, мен мал көріп өстім. Біздің Маңғыстаудың асыл тұқым қойлары боранды
күндері желге қарсы өрістейі... Адай жылқысының айғырлары көбіне үйірін қасқырға бермейді».
Дəулет Нұржанның əңгімесінен
Үкілі бөрік сусар қыр, елтірі ішік ен далам,
Есепсіз сүйген мен балаң.
Бадана көзді сауытты, асыл да таспен айшықтап,
Керілген кербез кең далам.
Құмбетеге, бидайық,
Құраса басын сыңсыған,
Кетпейді елден бір тұман.
Қурай, жусан, құрақ сай, қыналы қызыл тастары,
Қарайды күліп мұртынан.
Құланқұйрық, құба тал, жағалай өсер көлі жоқ,
Сиреді түлік төлі жоқ.
Көкзапыран қансигек, қаралы бұлттың көшін-ай,
Барады жанның шөлі боп.
Атжалман тышқан секілді, санамды сұрақ кемірмек,
Санасыз, тексіз не білмек.
Ит ала қаздың қаңқылы – иесіз сөздің киесі,
Кеудеге жидық кебіндеп.
Дуадақ тектес безгелдек, даладан тұрақ таппай жүр,
Бауырын басып жатпай жүр.
Бауыздау өңеш қасқа дөң, бағасын кімге бұлдамақ,
Есіңе інім сақтай жүр.
Ақ езу болған жағынан, өлеңін көрдім өткеннің,
Өрнегі асыл неткен күн.
Өрісін салған боранға, үйірін бермей қорғаған,
Атасы нұрлы тектенмін.
Жабағы жүндей жұлынған, жанымның аппақ мамығы,
Көңілдің көк су зар үні.
Тоты құстай таранған, салтанат пенен сəн қайда,
Таусылған білем жарығы.
Қой да болса намысын боранға жанып ұмтылған,
Мекен ғой кəусар ұл туған.
Кəлима тілі намыстан, шығарда жанға ақ тілеу,
Көкмойнақ едім жұлқынған.
Үйірін бермей бөріге, құлынын сақтар құрбан боп,
Ажалға көңіл бұрған жоқ.
Кемелге келген кер айғыр, жау жағалас тарпынып,
Жанын да бағып тұрған жоқ.
Боларма өрге жайылмай,үйірін қорғап пірленбей.
...Пір келер тілін білгендей.
Қызыр да бабам тілекте, қылыштың ізі жүректе,
Табаннан таспа тілгендей.
Тулақ қатса құн кетер, тулаған ерден күн кетер,
Үйелмен жұртқа үн жетер.
Білгенге айттық көп баян, білместің жайы қараңғы,
Маңғыстауға кім жетер!..
* * *
Сəлем айт, сəн түзеген таңға менен,
Қарыз боп қара өлеңге қалған емен.
Ырсиған қалың ойдың қабырғасын,
Бұтарлап бара жатыр қанжар өлең.
Жаланып жүзі жырдың өткірленген,
Өмір ме өмір солай тек бір керуен.
Құм кешіп құлық жағып табаныма,
Анау жыл ақ сағымға жеткім келген.
Көрсетіп азу тісін бөрілі қыр,
Даланың жемсауы дерт, желіні жыр.
Шаршаған сағым қуып сері-жырдың,
Жыртылып иығында кебіні жүр.
* * *
Іріксе тəңір бармассың,
Іздесе тəңір қалмассың.
Сағыныш деген бір от бар,
Күйерсің, бірақ жанбассың.
Тірінің жаны күйгелек,
Өртеніп күй де, сүй демек.
Жез тырнақ өмір желкеңнен,
Барады білсең сүйрелеп.
Сағынған жақсы сарығып,
Талмау да түсте тарығып.
Кездесу деген бір бақыт,
Жүрегің сосын жарылып.
* * *
Біреудің біреу білмес жан-шырылын,
Көзіңнің қарашығын алшы күнім.
Алдымнан жүрсем-тұрсам кетпей қойдың,
Сен менен не тілейсің тал шыбығым?..
Самайым қырауланып қар жамылдым,
Ақ киік құрбанысың алда кімнің?..
Ұшымен өлең жазып бердім саған,
Тістеулі бара жатқан бармағымның.
* * *
А, шіркін, жалған құбылған,
Мəн таппай кеттік ғұмырдан.
Құлағым сенің дұғаңда,
Құлаған күні тұғырдан.
Саусағың аппақ дірілдеп,
Оқырсың дұға біріндеп.
Жырларын білем дей салғын,
Сұраса біреу кімің деп.
Көзіңнің жасын іріккін,
Іргені енсе түріп мұң.
Қайтесің сұрап іңкəрін,
Күнінде болған жігіттің.
Шырынды гүлде дəру бар,
Дəруге дертті зəру бар.
Ерінін тосып еліткен,
Қош енді, көркем арулар!
* * *
Табанның еті күлбіреп,
Тамақтан қамыс тілді кеп.
Ошаған1 шашқа жабысып,
Балақтан шеңгел2 ілді кеп.
Балалық солай көбең-ді,
Көлгейлеп түске көп енді.
Асығушы едік өссек деп,
Өскенде жаным не көрді.
Күлбірек табан күндерім,
Жүзімді көрші бір менің.
Батып та болмас көп күнді,
Балалықпенен тілдедім.
Таққанбыз күн мен айға сын,
Тарығып көңіл сайрасын.
Бəріне сенген үміттің,
Үлпілдек күнім қайдасың!?..





Пікір жазу