08.05.2022
  140


Автор: Сабыр Адай

Сауран мен Самның арасы

Ақ өлең, ақ жыр бар мұңым,
Боздаттық Самның1 нар құмын.
Өрелесіп сөз айтар,
Өзімсінген бар кімің?
Тебінгісі күмістен,
Терлігі қатқан жүрістен.
Ақ өлең айдын сахара,
Ел көріп ермен біліскен.
Хан Шаһарлы бау қалды,
Қан сасыған жау қалды.
Жол салып Қыпшақ, Қиятқа,
Айналған елмін Сауранды.
1 Сам – жер аты.
Көмілді құмға із демде,
Көңілім қалды Сізден де.
Мына бір итің не демек,
Алартып көзін біздерге.
Жақтырмай өстім жанжалды,
Ар кетер жерде ал жанды.
Қанымен бірақ сақтадым,
Атамнан қалған қанжарды.
Өлеңмен қосып нұр іштім,
Ұраны Бекет ұлыспын.
Ғарыштан орын іздеп жүр,
Кеудемде жатқан бір ұшқын.
Қайғыма ортақ қара шың,
Айтпайды жанға жарасын.
Қоңырда самал қосып жүр,
Сауран мен Самның арасын.
* * *
Қажет пе сөздің балдайы,
Дертіңе шипа қандайы?..
Ойнаушы болма біздермен,
Бесқару берен-таңдайы!
Дүңкіл де дүңкіл дүбірден,
Қаймығар деп-ең кіміңнен?!
Қылыштай біздің жыр-азу,
Қыл сағақтан ілінген.
Құба арланнан қалғанбыз,
Сағымы сары шаңнанбыз.
Қашаған менен Қалнияз,
Абыл мен Ақтан, Нұрымның,
Батасын көрмей алғанбыз!
Өлеңнен зəмзəм татасың,
Шүкірлік қылып жатасың.
Берен де Шалдар аянмен,
Беріп те кеткен батасын.





Пікір жазу